«Бүркіт» авиакомпаниясы балалар үшін есігін ашты

Qaz365.kz редакциясы

ҚР Президентінің Іс Басқармасы балаларды «Бүркіт» авиакомпаниясына экскурсияға апарды

фото: ҚР ПІБ Баспасөз қызметі

ҚР Президентінің Іс Басқармасы мектеп оқушыларын «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясына экскурсияға апарды, деп хабарлайды qaz365.kz

Авиацияға қызығушылығы зор, ұшқыш болуды армандайтын жеткіншектер түрлі әуе кемелерін өз көзімен көріп, салонын аралап, штурвалға отырды. Кәсіби ұшқыштар оларға Challenger-850, ИЛ-76 ұшақтары мен Eurocopter-225 тікұшағы қандай мақсатқа қолданылатынын кеңінен сипаттап берді.

“Біздің міндетіміз – жолаушыларды межелі жерге уақтылы жеткізу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Экипаж мүшелері сол үшін арнайы дайындықтан өтеді. Біздің мекемеге жеткіншектердің келгеніне қуаныштымыз. Менің ұлым кішкентай кезінде «Өскенде ұшқыш болам» дейтін, қазір сол арманына жетіп,  ізімді жалғап келеді. Кім біледі, Ашық есік күніне қатысып жатқан балалардың арасынан да болашақта мықты ұшқыштар, инженерлер шығатын шығар. Мемлекет басшысы биыл Балалар жылы деп жариялады. Кішкентайларға қуаныш сыйлап, оларды қанаттандыру, болашағына жол ашу бәріміздің міндетіміз деп санаймын”, – деді экипаж командирі Бейсекен Молдыбаев:

Eurocopter-225 тікұшағын инженер Сергей Толчев таныстырды. Бұл тікұшақ экипажы екі адамнан тұрады, оған қоса қызмет көрсетумен айналысатын екі инженер бар.

“Бұл – экипаждан бөлек, 10 адам тасуға арналған ұшу аппараты. Біз осы тікұшақпен Қазақстанның кез келген жеріне бара аламыз”, – деді ол.

 «Бүркіт» компаниясының әуе кемелері паркіндегі ең үлкен ұшақтардың бірі ИЛ-76. Қос қанаты футбол алаңындай аумақты алып жатқан ұшақ әскери десантты, автомобиль және басқа да жүкті тасымалдауға пайдаланылады. Асфальт немесе қара топырақ бола ма, алаң талғамай қауіпсіз қона беретіні де бұл ұшақтың артықшылықтарының бірі. «Бүркіт» әуе компаниясының паркіне келгеніне біраз жыл болған ұшақтың АҚШ-тан басқа бармаған жері кемде-кем.

“Коронавирус пандемиясы кезінде Қытайдан дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық тасыдық. Төтенше жағдай министрілігінің жұмысымен еліміздің түкпір-түкпіріне барып, халыққа көмектестік”, – дейді ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инспекция бастығы Виктор Тимофеев.

Нұрасыл Бақытжан елордадағы Ы.Алтынсарин атындағы «Binom» мектебінің 6-сыныбында оқиды. Ол кішкентайынан авиацияға құмар. Өскенде ұшқыш болуды армандайтын Нұрасыл мақсатына жету үшін қазірден бастап жоспар құрып, сол бағытта еңбек етіп келеді.

“Ұшқыш болу үшін математика мен физиканы мықты білу керек, ағылшынша жетік болу қажет. Мен сол үшін Республикалық физика және математика мектебіне түспекшімін”, – дейді ол.

Экскурсия соңында, балаларға авиация тақырыбында викторина өткізіліп, сауалдарға дұрыс жауап берген зерек оқушыларға шағын сыйлықтар табысталды. 

Балалар жылына орай Президент Іс Басқармасы басқа да іс-шараларға мұрындық болып жүргенін айта кетейік. Мәселен, жыл басынан бері балдырғандардың Ұлттық музейге, АЛЖИР мемориалды-мұражай кешеніне экскурсияға баруына да жағдай жасады. Сурет салудан жарыс өткізіп, түрлі сыйлықтармен марапаттады. Ерекше балаларды Бурабайға апарды. Көп балалы аналарға супермаркет сертификаттарын ұсынды. Таяуда ғана елордадағы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына» барып, балаларға сый-сияпат жасап, мол дастархан жайды.