Қазақ-ауған бизнес-форумын өткізу талибан үкіметін мойындауды білдірмейді - СІМ

Qaz365.kz редакциясы

Ауғанстаннан 70-ке жуық компания, 150-ден астам кәсіпкер қатысады

Астана Талибанды мойындау мәселесінде халықаралық қауымдастықтың ұстанымын қолдайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумын Қазақстанда өткізу туралы шешім Ауғанстанның де-факто үкіметін мойындау фактісі болып есептелмейтінін атап өткім келеді. Бұл мәселеде біз бұрынғыдай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімдерін қатаң ұстанамыз. Талибанды тану мәселесінде ең алдымен, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тиісті шешімі шығу қажет екендігіне назар аударуды сұраймын», – деді Қанат Тумыш.

Оның айтуынша, БҰҰ бұл мәселеге қатысты Ауғанстан билігіне бірқатар талап қойды. Атап айтқанда, инклюзивтілік пен өкілдікті қолдау, террористік ұйымдарға өз аумағын қолдануға жол бермеу, этникалық азшылықтар, әйелдер мен балаларды қоса алғанда адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету қажет.

«Осыған байланысты Талибанды мойындау мәселесінде Астана халықаралық қауымдастықтың ұстанымын толықтай қолдайды», – деді Қанат Тумыш.

3-5 тамызда Астанада Қазақстан-Ауған бизнес-форумы өтіп, ауған тауарларының көрмесі болады. Көрмеге Ауғанстаннан 70-ке жуық компания, 150-ден астам кәсіпкер қатысады.