Масаншы, Керу, Үлкен Сұлутөр: Қордай ауданындағы 9 бірдей елдімекенде қазақстандық телеарналар мүлде көрсетпейді

Qaz365.kz редакциясы

Отандық арналардан ада ауылдар

Ашық дереккөзден

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы 9 бірдей елді мекенде қазақстандық телеарналар мүлде көрсетпейді. Таңы айыр қалпақты ағайындардың жаңалығымен атып, кеші қырғыз сериалдарымен бататын ауыл халқы тек көрші елдің ақпаратын сіңіріп отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК-ға сілтеме жасап.

Ал қазақ тіліндегі өнімдерді тамашалау үшін арнайы спутник антенна сатып алуы керек. Отандық арналардың станциясы Қордайдан 300 шақырым қашықта орналасқандықтан, қуаты жеткіліксіз дейді аудан атқамінерлері. Облыс орталығынан гөрі Бішкек жақын. Сол себепті ауылдарда 40-қа тарта қырғыз арналары көрсетіп тұр. Ал шенеуніктер осы мәселе бойынша тұрғындар тарапынан тек көптеп ұсыныс түсіп жатса ғана «Қазтелерадио» мекемесіне ұсыныс береміз деп отыр.

Мадияр Қадабаев, Қордай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы: 

– Қордай ауданында 2004 жылы 9 станция орнатылған. Оның қуаттылығы 50-100 КВ. Атап айтатын болсақ, ол 9 ауыл: Қайнар, Шүміш, Қарасай, Масаншы, Керу, Алға, Үлкен Сұлутөр, Кенен және Бел. Ал бұл станцияның күші жетпейтін 8 ауылға спутник антеннасы орнатылған. Бүгінгі таңда аудан бойынша отандық арналардың 11-і ғана көрсетіледі.