Алдағы күндері орташа және нөсерлі жауын-шашын, найзағай, сондай-ақ секундына 15–20 метрге дейін жететін қатты жел соғады
Алматыда жауын-шашын тоқтаусыз жалғасып жатыр. Синоптиктердің болжауынша, жаңбыр 12 мамыр күні түске дейін жауады. Бұл туралы қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қазгидромет» РМК деректеріне сүйенсек, алдағы күндері орташа және нөсерлі жауын-шашын, найзағай, сондай-ақ секундына 15–20 метрге дейін жететін қатты жел соғады. 11 мамыр күні кей аумақтарда екпінді желдің жылдамдығы 18 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Қала аумағында болуы ықтимал су басудың алдын алу және оларды жедел жою мақсатында коммуналдық қызметтер мен мердігер ұйымдардың тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған.
Кезекшілікке 104 бірлік арнайы техника, 74 мотопомпа, 12 ассенизаторлық көлік, сондай-ақ құрамында 425 жол қызметкері бар 75 жедел бригада жұмылдырылды. Бұдан бөлек, 2300 құм салынған қап әзірленген.
Сонымен қатар, ассенизаторлық техникамен және 15 мотопомпамен жабдықталған Алматы қаласының Құтқару қызметі де күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 53 арнайы техника мен 240 қызметкер тартылған.
Жалпы алғанда, «Алматы Тазалық» МКК мен мердігер ұйымдармен қоса, тәуліктік кезекшілікке 3080 жол саласы жұмысшысы мен 1225 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.