Жер сілкінісін хабарламаған Нұрәлі Әлиевтің компаниясы қалай тексеріліп жатыр - министр жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Төтенше жағдайлар министрі журналистердің сұрақтарына жауап берді

Фото: parlam.kz / ашық дереккөз

Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалған Шыңғыс Әрінов Үкіметтің баспасөз орталығында Алматыдағы жер сілкінісі туралы ескерту жүйесінің істемегеніне қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне 23 қаңтардан кейінгі іс-әрекеттерге қатысты тексеру жүргізілуде. Әзірге нәтиже жоқ. Тергеу барысы, нәтижесін аяқталған соң білетін боламыз деп ойлаймын. Оның ішінде ескерту жүйесіне, сатып алуға және Іс-шараларға қатысты тексеру жүргізілуде», – деді министр. 

Айта кетейік, 22 қаңтардан 23-не қараған түні болған Алматыдағы жер сілкінісі кезінде хабарландыру кешігіп жеткен. Кейбірі тіпті естімеген. Негізі жақында Алматы күшті жер сілкінісін ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйесін құруға 1,1 миллиард теңге жұмсаған. Тендерді жеңіп алған компанияға Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевтің қатысы бар болып шықты.

Бұдан кейін Президент Алматы қаласындағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңес барысында бас прокуратурамен бірлесіп бюджет қаражатының қайда жұмсалғанын анықтауды тапсырды.

Осыдан соң, Антикор сейсмикалық қауіпті өңірлерде дабыл қағу жүйесіне жұмсалатын шығындардың негізділігін зерделеуге кірісті.