Доллар енді қалай құбылады - Пірматовтың жауабы

Qaz365.kz редакциясы

АҚШ валютасы бүгінде 463 теңге

kursiv.media

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтан журналистер Сенат кулуарында доллар бағамы алда қалай құбылуы мүмкін екенін сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Айта кетсек, осыдан бір апта бұрын теңгеге шаққанда 430-ға дейін төмендеген АҚШ валютасы бүгінде 463 теңге болып отыр.

«Біріншіден, Ұлттық банктің негізгі міндеті – еліміздегі баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Инфляциялық таргет саясатын жүргіземіз. Теңгенің долларға шаққандағы бағамын ешқандай нысана қойып, қандай да бір бағамды іздемейміз. Теңге бағасы нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың арқасында өз мәнін табады. Ал ұсыныс пен сұранысқа әр күні әртүрлі факторлар ықпал етеді», - деді ол.

Пірматовтың айтуынша, жыл басында доллардың бағамы 462 теңге болған. 

«Кешегі соңғы курс – 463,30 теңге болған. Демек, тура жыл басындағы бағам. Қысқаша құбылмалылық болады», - дейді ол.

Ұлттық банк төрағасы бюджетті парламентке әкелетін үкімет екенін ескертеді.

«Теңгенің басқа валюталарға шаққандағы бағамын біз ескеріп отырамыз. Ұлттық банк керек болса интервенция жасауға қақы бар. Керек болса оны жасаймыз. Естеріңізде болса, былтыр көктемде 1,5 млрд долларға интервенция жасадық. Өткен жылдың сәуір айынан бастап интервенция жасаған жоқпыз. Теңге мен доллардың бағамы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты», - деді ол.