Ұлтына қалтқысыз қызмет еткен Мұхтар Шаханов несімен есте қалды?
Қазақ руханияты тағы бір асылынан айырылды. Ақын, қоғам қайраткері, ұлт тағдырына ешқашан бейжай қарамаған, тірісінде шындық үшін күресіп, арына дық түсірмеген қайсар тұлға Мұхтар Шаханов 19 сәуірде өмірден өтті. Мұхтар Шаханов қазақ ұлтының мүддесі таразыға түскен сын сағаттарда алдыңғы шептен табылған алғадай азамат ретінде мәңгілік халық жадында қалды.
Qaz365.kz редакциясы Мұхтар Шахановтың өмірі мен ерлігі жайлы деректерді назарларыңызға ұсынады.
Жүрегі жыр мен сезімге тұнған тұлға
Мұхтар Шаханов 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Қарапайым ауылдан түлеп ұшқан ол ерте жастан әдебиетке құштар болды. Тіпті алғашқы өлеңдерінің өзі оқырман назарын аударып, қазақ поэзиясына өзіндік үнімен келді.
Оның жас күнінде жалындап тұрып оқыған «Жігерлендіру» атты өлеңі өз заманында елдің жүрегінен орын тапты.
Көтер, кәне, басыңды, қалай бұның,
Мұз боп еріп кеткен бе бар айбының?
Көтер, кәне, басыңды,
Күніңді босқа өткізіп пе едің,
Тағдырың неге сыр айтты сараң?
Өмірдің барлық сәтсіздіктерін
Бақытсыздық деп кім айтты саған?
Кім айтты саған:
Тұлпарды сүрінбейді деп,
Асауды мінілмейді деп,
Ақкөйлекті кірлемейді деп,
Қара ешкі мүжіген ағаш
Қайтадан гүлдемейді деп?
Кім айтты саған:
Жұрттың бәрі мейірбан, арайлы деп,
Жұрттың бәрі шындықты қалайды деп,
Биікті ардақтайды деп,
Асылды қорлатпайды деп…
Фото: Шахановтың өлең оқып тұрған сәті / 1981 жыл
Дәл осы өлеңінің үзіндісі бүгінгі күннің өзінде Instagram, TikTok желілерінде шарлап жүр. Тіпті жастардың өзі дәл осы өлеңі арқылы оның жанын ұққандай еді.
Айта кету керек, жоғары білім алып, әдеби ортада шыңдалған Шаханов біртіндеп тек ақын ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосқан қайраткер болды. Ол әр жылдары баспасөз саласында еңбек етіп, дипломатиялық қызметтер де атқарды. Соның ішінде Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқаруы – оның мемлекет сенімін арқалаған тұлға болғанының айғағы. Мұхтар Шаханов – қазақ поэзиясында азаматтық пен адами құндылықтарды ұштастырған ақын. Оның жырларында ұлттық рух, ар-намыс, әділет іздеу тақырыптары кеңінен көрініс тапты. Ақын шығармашылығы шетелдерде де танылып, бірнеше тілге аударылды. Ол поэзияны тек көркем өнер емес, қоғамға ықпал ететін күш ретінде қабылдады. Сондықтан оның әрбір өлеңі уақыттың үнімен үндесіп жатыр.
Тағы бір айта кететін жайт, елдің аузынан түспейтін, талайлардың жүрегін тербеткен әндердің сөзін жазған осы — Мұхтар Шаханов. Өткір мінезді, өр тұлғалы, қайсар азаматтың өлеңдері өрт еді, ал әндері талай жанның жүрегін тебіренткен, бұлықсып шыққан бұла сезім еді.
Оның ел жүрегінен орын алған әндерін назарларыңызға ұсынамыз:
Мұхтар Шахановтың ерлігі
Жүрегі жырға, әнге, сезімге толы Шаханов ұлтына қызмет еткен тұлға болды. Мәселен, Мұхтар Шахановтың есімі ел тарихындағы маңызды кезеңдермен тығыз байланысты.
Кеңес Одағы тұсында ұлттық құндылықтар ұмытыла бастағанда, ол жоғалып кете жаздаған Наурыз мейрамын қайта жаңғыруға зор үлес қосты. Бұл бастама халықтың тарихи санасын оятуға серпін берді.
Сонымен қатар Арал теңізінің экологиялық апаты ушығып тұрған шақта, ол мәселені халықаралық деңгейге көтеріп, әлем назарын аудартты. Мұхтар Шаханов Арал мәселесін әлемдік деңгейге көтерген санаулы тұлғалардың бірі болды. Теңіз тартылып, экологиялық апат ушығып тұрған шақта ол бұл жағдайды ішкі мәселе ретінде қалдырмай, халықаралық мінберлерде ашық көтерді. Орта Азия елдерінің ортақ жауапкершілігін алға тартып, Аралды сақтап қалу қажеттігін дәлелдеп, әлемдік қауымдастықтың назарын осы қасіретке бұрды.
Оның ерлігінің ішіндегі ел ерекше атап айтатын жағдай — 1986 жылы айтқан шындығы.
Бұл — қазақ тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматыда мыңдаған жас алаңға шығып, әділетсіздікке қарсы үн қатты. Бейбіт талаппен шыққан студенттерді басып-жаншыды.
Аман қалғандары қудалауға ұшырады. Көптеген адам соққы көрді, түрмеге қамалды, оқудан және жұмыстан қуылды. Ең сорақысы — осы жастарды сол кездегі билік «ұлтшылдықтың көрінісі», «нашақорлар» деп атап, жалған айып тақты.
Сол кезеңдегі қуғын-сүргін жайлы айтып, шындықты жеткізген осы Мұхтар Шаханов еді.
Назарларыңызға Мұхтар Шахановтың 1989 жылы Желтоқсан оқиғасы жайлы Кремльде сөйлеген сөзінен үзінді ұсынамыз:
«Бұл қаулыда болған оқиғалар қазақ ұлтшылдығының көрінісі деп көрсетілген. 5 мың адамды, 10 мың адамды, 100 мың адамды ұлтшыл деуге болар, бірақ бүкіл қазақ халқын ұлтшыл деп кінәлауға болмайды ғой. Қазақ ұлтшылдығы деген сөз – бүкіл қазақ халқына тағылған айып. Біз халыққа жабылған ауыр әрі лайықсыз айыпты алып тастап, әділеттілікті қалпына келтіруді сұраймыз», — деді Мұхтар Шаханов.
Қазақ тілі үшін күрескен азамат
Мұхтар Шаханов 1989 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік тілі етіп қазақ тілін бекітуге үлес қосты. Сол кезеңде Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Геннадий Колбин қазақ тілі мен орыс тілін қатар қолдануды ұсындаған еді. Алғашында тіл туралы заңды депутаттар қабылдаған еді. Осыдан кейін Шаханов бұл шешімнен тағы да желтоқсан оқиғасын туғызуы мүмкін деп сөз сөйлеп, заң жобасын екінші рет дауысқа салуға себепкер болған. Осыдан соң қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі ұлтаралық – қатынастар тілі болып бекітілді.
Тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы жылдары да Қазақстанда тіл саясаты күрделі жағдайда еді. Қазақ және орыс тілдеріне қатар мемлекеттік мәртебе беру туралы ұсыныстар көтерілген тұста, Мұхтар Шаханов бұл бастамаға ашық қарсы шықты. Оның ұстанымы айқын еді: мемлекеттік тіл – біреу ғана болуы тиіс, ол – қазақ тілі. Ақын бұл мәселені тек құқықтық тұрғыдан емес, ұлттық қауіпсіздік пен рухани тәуелсіздік мәселесі ретінде қарастырды. Мұхтар Шаханов Қазақстан Парламентінде депутат ретінде қызмет атқарған жылдары тіл мәселесін бірнеше рет көтерді. Ол заң жобаларын талқылау барысында қазақ тілінің нақты үстемдігін қамтамасыз ететін нормаларды енгізуді талап етті. Парламент қабырғасында ол көпшілікке ұнай бермейтін, бірақ шындыққа негізделген өткір пікірлерін ашық айтты. Бұл кейде саяси ортада қарсылық туғызғанымен, Шаханов алған бетінен қайтқан жоқ. Оның басты мақсаты – қазақ тілін қағаз жүзіндегі емес, өмірдегі толыққанды мемлекеттік тіл деңгейіне жеткізу еді.
Айта кетейік, ақын 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы жайлы және қамалған белсенділер жайлы айтып, шеруге шықты. Осы әрекеті үшін оған әкімшілік жауапкершілік тағайындалып, айыппұл арқалады. 1992 жылы М. Шаханов Олжас Сүлейменовпен бірлесіп «Халық конгресі» партиясын құрды. Бірақ екі тілде тәрбиеленген екі тұлға арасында ұлттық мүдде мен космополиттік ағым жүйелі көзқарас таба алмағандықтан партия ұзақ ғұмыр кеше алмады.
Мұхтар Шаханов – тек ақын емес, ұлттың ар-ұжданына айналған тұлға. Оның шығармалары мен қоғамдық қызметі бірін-бірі толықтырып, тұтас бір дәуірдің бейнесін қалыптастырды.
Ол қандай қызмет атқарса да, қандай мінберден сөйлесе де, ең алдымен халықтың сөзін сөйледі. Қаралы хабар жеткенде қазақ ұлты үшін сын сағаттарда шындықты тайсалмай айтатын дәл Шахановтай тұлғаның орны ойсырап қалғанын ұқтық. Мұхтар Шахановтың өмірден өтуі – қазақ қоғамы үшін орны толмас қаза. Шындықтың алдаспаны болып, тәуелсіздік алмай тұрған кезде де, алғаннан кейін де еліне қызмет ете алған, арына кір жұқтырмаған тұлғаның ғұмыры кейінгі ұрпаққа аманат.
Qaz365.kz редакциясы марқұмның жақындарына және қазақ халқына қайғыра көңіл айтады.