Астанада Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай «Кітап – білімнің бастауы, кітапханашы – оның тірегі» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, оқырман мәдениетін дамытуға үлес қосқан үздіктер марапатталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Іс-шара барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен сөз сөйлеп, кітап оқудың қоғамдағы маңызына ерекше тоқталды. Ол кітаптың тек білім көзі ғана емес, ұлттың рухани дамуының негізгі тірегі екенін атап өтіп, кітапханалардың бүгінгі рөлі бұрынғыдан да маңызды бола түскенін жеткізді.
Кітаптың құндылығын дәріптеген бұл кеште түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. «Үздік отбасылық оқырман» аталымы Әділбектер әулетіне бұйырса, «Кітапқұмар студент» номинациясын Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Наметқұл Нұрислам иеленді. «Креативті оқырман» ретінде Данила Қаскелен танылды.
Ал бір жылда 170 кітап оқыған Дамирхан Шубаев «Ең үздік бала оқырман» атанып, көпшілікті таңғалдырды. «Жылдың үздік оқырманы» атағы М. Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхананың белсенді оқырманы Ғалымбек Шагировқа табысталды. Сондай-ақ кітапханалардың дамуына үлес қосып жүрген азаматтар «Кітапхана жанашыры» атағымен марапатталды.
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлфухар Ғайыпов кітапханалардың мәдени-ағартушылық миссиясына тоқталып, олардың қоғамдағы рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.
Кеш аясында ұйымдастырылған кітап көрмесінде оқырмандарға отандық және әлем әдебиетінің жаңа туындылары ұсынылып, 300-ден астам кітап таныстырылды.
Айта кетейік, бүгінде Астанада 25 мемлекеттік кітапхана жұмыс істейді. Соңғы жылдары жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде оқырмандар саны 100 мыңға жуықтап, кітапханалардың қызметі жаңа деңгейге көтерілді.