Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Qaz365.kz редакциясы
Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» ауқымды ағартушылық жобасының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Qaz365.kz

. Қысқа уақыт ішінде бұл бастама жай ғана байқау шеңберінен шығып, өңірде кең ауқымды оқу қозғалысына айналды. Оқырман мәдениетін дамытуға, халықтың зияткерлік әлеуетін арттыруға және рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жоба жұртшылықтың үлкен қолдауына ие болды.

Жобаға облыс бойынша 67 мыңнан астам адам қатысып, кітапқа деген ерекше қызығушылықтың бар екенін көрсетті. Олардың қатарында оқушылар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер, еңбек ұжымдары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, сондай-ақ тұтас отбасылар бар.

Жоба Мемлекет басшысының бастамасымен пилоттық форматта Қарағанды облысында іске қосылды. Ең жоғары қамту көрсеткіші дәл Қарағанды өңірінде тіркелді.

Байқау қазақ және орыс лигалары бойынша екі бағытта, сондай-ақ алты номинация аясында өтті. Қатысушылар сарапшылар ұсынған 15 шығарманы оқып, электронды оқырман күнделігін жүргізді. Онда әр кітапқа талдау жасап, алған әсерлері мен ойларын бөлісті. Іріктеу кезеңі тестілеу форматында өтіп, үздіктер облыстық деңгейдегі зияткерлік сайысқа жолдама алды.

Ең ауқымды санаттардың бірі — «Кітап оқитын әулет» номинациясы болды. Бұл бағытта мыңдаған отбасы бақ сынап, олардың ішінде Шалқаровтар әулеті жүлделі орынға ие болды. Қатысушылардың айтуынша, бұл жоба отбасылық кітап оқу дәстүрін нығайтып, балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал еткен.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 23 сәуір — Ұлттық кітап күніне орай өтті. Барлық санаттар бойынша үздіктерге қомақты ақшалай сыйлықтар табысталды: бірінші орын — 1 млн теңге, екінші орын — 600 мың теңге, үшінші орын — 400 мың теңге.

Жоба аясында тек білім ғана емес, жаңа оқу мәдениеті қалыптаса бастады. Қатысушылар арасында сыни ойлау, талдау жасау, пікір білдіру дағдылары дамып, кітаптың қоғамдағы рөлі қайта айқындала түсті.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл бастаманың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жоба халықтың кітапқа деген қызығушылығының жоғары екенін дәлелдеп, саналы түрде даму жолын таңдаған қоғамның қалыптасып келе жатқанын көрсетті.

    — Олай болса, осынау игі бастама міндетті түрде жалғасын табу керек! Бүкіл өңір жұртшылығын ортақ мұратқа жұмылдырған жоба халық санасына серпін беретін үлкен қозғалысқа айналсын! — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар өңірде кітап оқуға қолайлы жағдай жасау бағытында да нақты қадамдар жүзеге асуда. Қарағанды қаласында жаңа қоғамдық кітапханалар ашылып, болашақта заманауи кітап кеңістіктерін құру жоспарлануда.
Бүгінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы жай ғана байқау емес, қоғамда интеллектуалды бәсекелестік қалыптастыратын, білім мен руханиятты дәріптейтін маңызды қозғалысқа айналды.
Игі бастама Қарағанды облысында жалғасын таппақ.