Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі такси тасымалдаушылары үшін хабарлама беру ережелеріне өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Qaz365.kz
Жаңа ережеге сәйкес, тасымалдаушылар жұмысын бастамас бұрын жергілікті атқарушы органдарға көлік құралы туралы нақты мәліметтерді ұсынуға міндеттеледі.
Бұған дейін қолданыста болған тәртіп бойынша тасымалдаушыны нақты көлік құралымен байланыстыру қарастырылмаған еді. Осының салдарынан жол-көлік оқиғалары кезінде жауапты тұлғаны анықтау қиындық туғызып келді. Енді хабарлама нысанына автокөліктің маркасы, мемлекеттік тіркеу нөмірі және шыққан жылы туралы мәліметтер қосылды.
Министрлік бұл шараның жолаушылар тасымалының қауіпсіздігіне жауапты тұлғаны жедел анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар жаңа талап нарықтағы заңсыз тасымалдаушылардың үлесін азайтуға бағытталған. Жаңартылған нысан бойынша автопарк өзгерген немесе толыққан жағдайда мәліметтерді түзетуге мүмкіндік қарастырылған.
Айта кетейік, Қазақстанда такси қызметін реттеу шаралары соңғы жылдары белсенді жүргізіліп келеді. Бұған дейін такси агрегаторлары мен жеке тасымалдаушыларды салықтық есепке алу және жолаушыларды міндетті сақтандыру мәселелері де көтерілген болатын.