Ақтау мен Үрімжі арасында жаңа рейс ашылады

Qaz365.kz редакциясы

Алғашқы рейс 2026 жылғы 26 маусымға жоспарланған

Фото: FlyArystan

Қазақстандық лоукостер FlyArystan Ақтау – Үрімжі – Ақтау бағыты бойынша жаңа халықаралық рейс ашылатынын хабарлады. Әуе компаниясының мәліметінше, жаңа бағыт Қытайға қатынайтын рейстер желісін көбейтіп, жолаушыларға қолжетімді әрі ыңғайлы сапар мүмкіндігін ұсынуға бағытталған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алғашқы рейс 2026 жылғы 26 маусымға жоспарланған. Ұшақтар аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері ұшады. Кері қайтатын бағыттағы рейстер сәрсенбі және сенбі күндері болады.

«FlyArystan» АҚ Президенті және бас атқарушы директоры Йохан Эйдхаген Қытайдың әуе компаниясы үшін стратегиялық маңызы бар нарықтардың бірі екенін атап өтті.

«Қытай FlyArystan бағыттар желісін дамытудағы ең қарқынды нарықтардың бірі болып қала береді. Біз Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі жолаушыларға Қытайдың негізгі экономикалық орталықтарының біріне тікелей әрі ыңғайлы әуе қатынасын ұсынуға мүдделіміз. Қазіргі геосаяси жағдайда әуе компаниялары сұраныс өзгерісіне бейімделіп, бағыттарын қайта қарап жатыр. Осы тұрғыда Қытай мен жалпы Азия бағыты жоғары әлеуетін сақтап отыр», – деді ол.

Компания мәліметінше, 2026 жылғы маусым айының соңына қарай Air Astana және FlyArystan брендтері арқылы Қазақстан мен Қытай арасында аптасына шамамен 50 рейс орындалады деп жоспарланып отыр. Жаңа бағыт FlyArystan-ның Қытайға қатынайтын қазіргі рейстерін, соның ішінде Алматы – Инин бағытын толықтыра түседі. Сонымен қатар, бұл рейс Қазақстан өңірлері мен Батыс Қытайдың ірі экономикалық орталықтары арасындағы әуе байланысын көбейтпек.

Бұған дейін әуе компаниясы Астана – Үрімжі – Астана бағыты бойынша рейстердің қайта жанданатынын мәлімдеген еді. Бұл рейстер 2026 жылғы 31 мамырдан бастап аптасына үш рет – сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері болады.

Үрімжі – Қытайдың батысындағы ірі сауда, логистика және туризм орталықтарының бірі. Қала дамыған инфрақұрылымымен, сауда мүмкіндіктерімен және табиғи көрікті жерлерге жақындығымен танымал.

Ақтау – Үрімжі бағыты бойынша билет бағасы бір бағытқа 77 мың теңгеден басталады. Билеттерді FlyArystan ресми сайты, мобильді қосымша және басқа да сату арналары арқылы сатып алуға болады. Әуе компаниясы Қытай бағытын кеңейту Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды авиациялық және транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді деп отыр.

Еске сала кетсек, премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салық реформасынан кейін қай саланың қиындағанын айтқан еді.