Forbes Kazakhstan ең дәулетті бизнесмендердің жаңа тізімін жариялады: Қазақстандық миллиардерлер саны артты

Qaz365.kz редакциясы
Forbes.kz

Forbes Kazakhstan 2026 жылғы ең дәулетті 75 бизнесменнің жаңартылған рейтингін ұсынды. Биыл отандық кәсіпкерлердің жиынтық капиталы өткен жылғы 57,5 млрд доллардан 60,84 млрд долларға дейін өсті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі басылымға сілтеме жасап.

Рейтингтің көш басында Kaspi.kz экожүйесінің негізін қалаушылардың бірі Вячеслав Ким тұр, оның дәулеті 7,8 млрд долларға бағаланған. Екінші орынға 5,9 млрд доллармен Владимир Ким жайғасса, үшінші орынды 5,4 млрд доллармен Тимур мен Динара Құлибаевтар және Болат Өтеміратов өзара бөлісті.

Биылғы тізімнің басты ерекшелігі – қазақстандық «миллиардерлер клубының» кеңеюі. Жаһандық Forbes тізіміне Нұрлан Смағұлов (1,3 млрд доллар) пен Айдын Рахимбаев (1,1 млрд доллар) алғаш рет енді. Басылымның мәліметінше, бұл шикізаттық емес секторлардың, атап айтқанда автоөндіріс пен құрылыс саласының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Тізімде бірнеше жаңа есімдер де пайда болды. Олардың қатарында 35 жастағы ең жас қатысушы Шахмұрат Мүтәліп (22-орын), SCAT авиакомпаниясының серіктесі Владимир Сытник (63-орын) және білім беру мен құрылыс саласындағы кәсіпкер Айғазы Құсайынов (64-орын) бар. Сонымен қатар, биыл «Қазақмыс» корпорациясы мен «Транстелеком» сияқты ірі активтердің иелері ауысқан ірі мәмілелер де тіркелді.