Екі айдан аз уақыт қалды: Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады

Qaz365.kz редакциясы

Өтінімдер осы жылы 31 желтоқсанға дейін ғана қаралады

Фото: gov.kz

Шетелдік автокөліктерді заңдастырудың аяқталуына екі айдан аз уақыт қалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі биылғы 23 қаңтар-30 маусым аралығында елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруға өтінімдер қабылдады.

«Елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автокөліктер заңдастыруға жатпайды. Барлығы 237 мыңнан астам шетелдік автокөлік заңдастырылды. Бір реттік заңдастыруды ескере отырып, автокөлік иелеріне 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін заңдастыруға берілген өтінімдер биыл 31 желтоқсанға дейін ғана қаралады», – деді ІІМ ӘПК басқарма бастығының орынбасары Алтынбек Жамалиев.

Бұған дейін шетелдік көліктерді заңдастырмай, тіркеуден өтпеген қазақстандық жүргізушілер айыппұлға тартыла бастағаны хабарланған болатын.

Ағымдағы жылдың тамыз айында ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев осындай екі мыңнан астам көлік жүргізушісіне айыппұл салынып, 1,7 мың автокөлік айып тұрағына алынғанын хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда шетелдік көліктерді заңдастыру 2023 жылдың қаңтарында басталған болатын. Өтінімдерді қабылдау 1 шілдеде аяқталды. Ішкі істер министрлігі барлық өтініштерді акция аяқталғаннан кейін де қарайтынына уәде берді. Бұл ретте олар акцияның бір реттік шара екенін және заңдастыру мерзімін ұзарту жоспарда жоқтығын баса айтты.