Шымкентте әкім жауапқа тартылды

Qaz365.kz редакциясы

Мемлекеттік органдардың шара қолданбау фактілері анықталды

Фото: gov.kz

Шымкент прокуратурасының қадағалау актісі бойынша мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтар үшін бірқатар лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қалалық прокуратура мәліметінше, өз міндеттемелерін тиісінше орындамаған жеткізушілерге қатысты мемлекеттік органдардың шара қолданбау фактілері анықталды.

«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 7 лауазымды тұлғаға, оның ішінде Еңбекші ауданының әкіміне, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығына, құрылыс басқармасының, қалалық драма театрының бұрынғы басшыларына қатысты ӘҚБтК 207-бабының 10-бөлігі бойынша («Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу») әкімшілік құқықбұзушылық туралы 47 хаттама толтырылып, мемлекет кірісіне 2 млн 595 мың 600 теңге көлемінде айыппұл өндірілді», – делінген прокуратура хабарламасында.

Сондай-ақ 30 өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу туралы қадағалау актісі енгізілді.