Жанқош Тұраров пен жапон боксшысының кездесуі қашан өтетіні белгілі болды

Qaz365.kz редакциясы

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді

 

 

Ашық дереккөздерден

10 желтоқсан күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында дүбірлі бокс кеші өтеді. Басты жекпе-жек — бұған дейін жеңіліп көрмеген қазақстандық былғары қолғап шебері Жанқош Тұраров пен әлемге әйгілі жапон боксшысы Акихиро Кондо кездесуі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жанқош Тұраров кәсіпқой рингте 27 рет жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Оның 20-сында қарсыласын нокаутпен тізе бүктірген. Бұл жолы әлемге танымал, көп дүркін Жапония және Азия чемпионы Акихиро Кондомен (37-11-2, 21 КО) жұдырықтасады.

Боксшылар IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы мен WBA Gold World чемпиондық белдіктерін сарапқа салады.

Бұдан бөлек, шаршы алаңға Виктор Коточигов, Балауса Мұздыман, Елшат Нығметолла, Елхан Табынбаев сынды отандастарымыз шығады.

Айта кеткен жөн, Жанқош үшінші рет қатарынан желтоқсан айында жылдың қорытынды жекпе-жегін өткізіп келеді. 2021 жылы отандасымыз Абдумонем Саидті тізе бүктірсе, 2022 жылдың желтоқсанында бұрынғы әлем чемпионы Луис Энрике Ромероны нокаутқа жіберген болатын.

10 желтоқсан күні бокс жанкүйерлері Тұраров пен басқа да қазақ боксшыларына қолдау білдіру үшін билеттерді zakazbiletov.kz сайтынан ала алады.