Бұл деректер екінші дүниежүзілік соғыстың ресми тарихында кеңес идеологиясына және басқа да факторларға байланысты 70 жыл бойы айтылмай келді
Екінші дүниежүзілік соғыстағы ең қасіретті оқиғаның бірі — 106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясының тағдыры. Танк мінген, мұздай қаруланған неміс әскеріне Кеңес одағы жеткілікті қарусыз, қылыш ұстаған қазақтың боздақтарын жіберген. Харьков түбіндегі шайқаста боздақтар түгелдей дерлік қырылды. Дегенмен сол дивизия 57-ші және 6-армиялар шегініп кеткенше ұрысты тоқтатпаған.
Qaz365.kz редакциясы 106-қазақ ұлттық салт атты әскер дивизиясының толық құрамын алғаш түгендеп, дивизияға қатысты архив құжаттары мен жауынгерлердің есімдерін анықтағандардың бірі, «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, зерттеуші —Макка Қаражановаға хабарласты.
1942: соғысқа қылыш ұстап аттанған боздақтар
Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ауыр кезеңдерінің бірі — 1942 жылғы Харьков түбіндегі шайқас. Дәл осы шайқаста қазақтардан жасақталған бірнеше бөлім қоршауда қалды. Архив құжаттарында кей дивизиялардың толық қаруланбағаны көрсетілген. Кей сарбаздардың қолында бірнеше мылтық қана болғаны туралы деректер кездеседі. 106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы — солардың бірі.
Макка Қаражанованың айтуынша, дивизия құрамының 90 пайызға жуығы қазақтар болған. Бірақ олар майданға жеткілікті қару-жарақсыз жіберілген. Кей полктерде ондаған мылтық қана болған. Соған қарамастан олар Харьков маңындағы шайқасқа кірді.
Фото: 106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы / Макка Қаражанова жіберді
1942 жылғы 19 мамырда құрамына 106-қазақ кавалерия дивизиясы кірген 6-кавалерия корпусын немістің «Оңтүстік» танк бөлімдері қоршауға алды. Макка Қаражанованың айтуынша, маршал Тимошенконың бұйрығынан кейін генерал Носков басқарған корпус сегіз күн бойы күші басым, мұздай қаруланған неміс әскерімен жан аямай шайқасып, 57-ші және 6-армиялар шегініп кеткенше ұрысты тоқтатпаған.
Төрт күн ішінде бөлім 140 шақырым жүріп өткен. Бірақ 1942 жылдың мамырында неміс танк бөлімдері қоршауға алған соң дивизия түгел жойылды.
Айта кетейік, 4091 жауынгерден құралған дивизияда қару-жарақ тым аз болған. Кей полктерде небәрі 10–25 мылтық қана болған. 3220 сарбазға 3100 оқ-дәрі берілген. 1942 жылы Харьков түбіндегі шайқаста дивизия ауыр шығынға ұшырап, мыңдаған қазақ жауынгері қаза тапты, тұтқынға түсті немесе кейін репрессия көрді. Макка Қаражанова мұны тарихи әділетсіздік деп бағалап, қазақ батырларының есімін архивтер арқылы қайта жаңғыртуға шақырды.
106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясының тағдырын әскери тарихшылар, археологтар мен зерттеушілерден құралған топ зерттеді. Олардың қатарында Леонид Карцев, Татьяна Крупа, Макка Қаражанова, Люсия Оксак, Александр Билим және Наталья Швец бастаған Красноград музейінің ұжымы бар.
Түрме азабы
Сондай-ақ тірі қалғандардың көбі тұтқынға түсті. Тұтқыннан келгендерді «сатқын» деп атады. Соғыстың ең ауыр шындығының бірі — тұтқыннан аман келгендердің кейін өз елінде де сенімсіз адамға айналуы еді. Мыңдаған қазақ жауынгері неміс лагерлерінен оралған соң НКВД сүзгісінен өтті. Кейбірі лагерьлерге қайта жіберілді.
Мысалы, 106-дивизия құрамында болған Сыдық Түменбаев кейін Карлагта жазасын өтегені туралы естелік қалдырған. Қан майданды көріп келіп, кейін Карлагта түрме азабын кешудің қандай ауыр екенін біз тек елестете аламыз.
Фото: 106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы / Макка Қаражанова жіберді
Ұмыт қалған есімдер
2015 жылы Макка Қаражанова Facebook желісінде аталарына іздеу салатын арнайы парақша ашты. Онда қазақтар әлі күнге із-түссіз кеткен аталарын іздеп жазбалар жариялап тұрады. Қазақстаннан кеткен көптеген адамның тағдыры әлі нақты анықталмаған. Олар — хабарсыз кеткендер. Олардың көбі бауырластар зиратына көмілген. Кейбірінің аты архивте қате жазылған. Кейбірі мүлде тіркелмеген. Тарихтағы ең ауыр жоғалту — адамның өлімі емес, оның ұмыт қалуы.
Соғыс туралы айтқанда жеңісті емес, миллиондаған адамның нәубет кезеңде жұтылып кеткенін, миллиондаған отбасының қайғы-қасіретке душар болғанын айту қажет. Қазақ даласы сол соғыста тек азаматтарды ғана емес, тұтас ұрпақты жоғалтты. Оның қайғысы кейінгі әкесіз өскен, жетім ұрпақтың кеудесінде шер болып қатып қалды.
Фото: Астана қаласындағы 106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясына орнатылған ескерткіш
Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ даласына ең ауыр қасіреттерді әкелді. Әр үйдің босағасына қайғы-қасірет кірді. Соғыс басталған 1941 жылы Қазақстан халқы шамамен 6,2–6,5 миллион шамасында еді. Соның 1 миллион 200 мыңнан астамы майданға аттанды. Яғни, еліміздегі әрбір төртінші азамат майданға кеткен.