Қазақ азаматы Лондонда мэр болып сайланды

Qaz365.kz редакциясы
instagram.com/sanabishev

Қазақстан тумасы Санжар Әбішев Ұлыбритания астанасындағы беделді Сент-Джеймс ауданының мэрі болып сайланды. Бұл жөнінде Kusto Group тең құрылтайшысы Қанат Көпбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Консервативті партияның атынан үміткер болған ол 2,3 мың дауыс жиналған сайлауда қарсыласынан 350 дауысқа озып шыққан.

Қанат Көпбаевтың мәліметінше, жаңа мэр қазақстандық кәсіпкер Азат Әбішевтің ұлы болуы мүмкін. Айта кетерлігі, сайлауалды үгіт-насихат науқаны кезінде Санжар Әбішев пәтерінде құлап, жарақат алып, бірнеше күн бойы еденде жатып қалған 79 жастағы ер адамды аман алып қалған.

Санжар Әбішев саясатқа кем дегенде 2022 жылдан бері араласып келеді және тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізе отырып, белсенді қоғамдық жұмыс жүргізген. Ол 2024 жылы Сент-Джеймс округі бойынша Консервативті партияның төрағасы қызметіне тағайындалған болатын.

LinkedIn желісіндегі мәліметтерге сәйкес, Әбішев Malvern College мен университетті тәмамдаған. Әр жылдары британиялық компанияларда маркетинг маманы болып жұмыс істеген ол 2016 жылдан бастап ірі брендтермен жұмыс істейтін өзінің Blue Swallow Group маркетингтік агенттігін басқарады. Сондай-ақ 2015 жылы әлеуметтік жобаларды қолдайтын жеке қайырымдылық ұйымының негізін қалаған.