Сиырлар арасында аусылға ұқсас ауру тарап жатыр: Шығын бар

Qaz365.kz редакциясы

Қостанай облысының Жангелдин ауданында сиырлар арасында аусылға ұқсас ауру тарап жатыр. Тұрғындардың айтуынша малдың аузына ойық жара шығып жайыла алмай қалады. Сілекей ағады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ауру киіктен тарап жатыр ма деп күдіктенеміз, өйткені киік деген малмен бірге жайылып, төңіректе қаптап жүр» дейді.  Оның айтуынша киіктің де ауырып, өліп жатқандары бар. Қыста қырылғандары қар астында қалып, далада өлекселері жиналмаған.  «Киікті бағатын жауапты мекемелер бәрін көріп-біліп отыр. Бұлар індетті тасымалдаушылар ғой. Енді мемлекет киікке бір шешім шығаруы керек.. Әйтпесе жағдай мүлде қиындап кетуі мүмкін, - дейді Көлқамыс ауылындағы «Сыма» шаруа қожалығының басшысы Манат Кәрбозов.

- Негізі малға уақытында вакцина егілді. Барлық алдын – алу шаралары жүргізілді. Ауру басталғалы ветеринар мамандар дер кезінде келіп жылдам көмек көрсетіп жатыр. Әзірге менің малым аман, бірақ басқа шаруашылықтарда шығын бар», – дейді Манат Кәрбозов.

Жергілікті тұрғындар мұны аусыл дерті ме деп күдіктенеді. Бірақ әлі нақты диагноз қойылмағасын тап солай деп кесіп айту қиын. Бейресми мәлімет бойынша ауданға министрліктен, облыстық ветеринария басқармасынан мамандар келген, ауру мал мен өлген киіктен сынама алынған. Енді зертханалық сараптама жүргізілген соң нендей ауру екені нақтылануы тиіс. 

Мал иелері дәрі-дәрмек сатып алып ауырған түліктеріне өз беттерінше де ем жасап жатқандарын айтады. Жергілікті жұрттың айтуынша сұраныс артқасын облыс орталығындағы ветеринарлық дәріханаларда қажетті препарататтардың кейбір түрлерінің тапшылығы да байқалған.  Яғни дәрі жеткіліксіз, әрі қымбат. Мысалы әрі кетсе он басқа жететін дәрінің бір құтысы он мың теңге. Сондықтан жүздеген, мыңға тарта малы бар шаруа үшін қажетті препаратты сатып алу қып-қызыл шығын. 

Жергілікті жұрт індет таратты деп күдіктеніп отырған киіктердің саны Экология министрлігінің мәліметінше, былтыр елімізде шамамен 4 миллионға жеткен. Бұл 1974 жылғы тарихи максимумнан үш есе көп, ол уақытта киік саны шамамен 1,2 миллион болыпты. 2025 жылы бионегіздеме жасалып, 750 мың ақбөкенді аулауға рұқсат берілген еді. Бірақ іс жүзінде ауланғаны 196 мыңнан сәл асады. Себебі осы жұмысты мойнына алған «Охозоопром» мекемесі тек ет комбинаттарының сұранысына байланысты ғана жұмыс істейді. Ол да дұрыс, ауланған киіктің етін ысырап етпей үлгертіп алу керек. Сондықтан алаулатып-жалаулатып, киешілдер мен зооқорғаушыларды шулатып жүріп 196 мың киік аулағаннан мәселе шешілген жоқ. Бұл әшейін теңізден бір қасық су көсіп алғандай ғана дүние. Енді биыл төлдеген соң олардың саны  5 миллионға жетуі кәдік. Мамандар болжамы осындай. Зоология институтының сараптамасына сәйкес Қазақстанның экожүйесі үшін киіктің оңтайлы саны 800-900 мың болуы тиіс. Қазіргі популяция бұл межеден үш есе артық. Ғалымдардың пікірінше, мұның соңы жайылымдардың деградациясына,  эпизоотия қаупінің күшеюіне соқтыруы мүмкін. 

Дәл қазір ресми мәлімет бойынша Қостанай облысының аумағында 400 мыңға жуық киік жүр. 

Ветеринария басқармасының басшысы киіктердің жаппай көшу кезеңінде Жангелдин және Амангелді аудандарында болып, жағдайды тікелей бақылауда ұстады. Халықпен жедел байланыс орнатып, ықтимал қауіптерге дер кезінде әрекет ету мақсатында арнайы кезекші топтар құрылды.

Қазіргі уақытта өңірдегі эпизоотиялық ахуал тұрақты. Мал өлімі тіркелген жоқ. Түскен барлық өтініштер бойынша ветеринар мамандар жедел әрі жүйелі түрде жұмыс жүргізуде.

Ұлттық референттік ветеринариялық орталық мамандары киіктер мен ауыл шаруашылығы жануарларынан клиникалық белгілер байқалған жағдайда сынамалар алып отырған. Сонымен қатар әлсіреген жануарларға қолдау сипатындағы емдік-профилактикалық шаралар жүргізіліп, қажет болған жағдайда витаминдік терапия қолданылған.

Зертханалық зерттеу нәтижелері әзірге алынған жоқ. Ауыл шаруашылығы жануарларын вакцинациялау жұмыстары жоспарға сәйкес толық көлемде жүзеге асырылуда.

     
                                   Киіктің мәселесі Мәжіліске де жетті
      
Күйіп тұрған киік мәселелсі Парламент мінберінен де айтыла бастады.  

«Жағдай өте күрделі. Фермерлердің дабыл қағуы негізсіз емес, — 70-жылдардағыдай пастереллездің нақты қаупі бар. Киік санын реттеуден басқа амал жоқ. Қоршаулар бұл мәселені шешпейді. Сондай-ақ бұл енді тек ауыл шаруашылығына ғана төнген қауіп емес, нағыз эпидемиялық қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты Экология министрлігінің алдында киіктердің санын қолдан реттеу қажеттілігі мәселесін қайта көтеріп отырмыз», — деді Мәжіліс депутаты Альберт Рау.

Бірақ бұл мәселеде депуттардың да пікірі әртүрлі.  Ал табиғат қорғаушылары  популяция табиғи жолмен реттелуі тиіс деп міз бақпай отыр. Киіктің шектен тыс көбейгенін көзбен көрсе де тас кенеше жабысып осы ұстанымнан айнымайды. Киіктен шығын келсе шаруаларға оны мемлекет өндіріп берсін дейді. Бірақ бұл ақылға қонбайтын дүние. Біріншіден қауіпті көріп отырып шаруаны шығынға батырып, сосын оны төлей салатын мемлекеттің қазынасында есепсіз қаржы жоқ. Тіпті бұлай көрініп тұрған қауіпті сақтаныдырып шығынға бататын сақтандыру компаниялары да ақымақ емес. Олар мұндай ессіз тәуекелге бармайды. Мәжілістің тағы бір депутаты Берік Бейсенғалиев те “киелі” деген сөзді алға тартып, шаруаға орасан зор зардабын тигізіп отырған киік мәселесіне көз жұма қарауға болмайтынын айтты. Бірақ депутат сауалына  Экология вице-министрі тұщымды  жауап бере алмады. Киік мәселесіне байланысты Берік Бейсенғалиевке жолданған хатқа Ырғыз-Торғай өңіріндегі 126 шаруашылықтың басшылары қол қойыпты. 

Мәселе Парламент деңгейінде көтерілгенімен әзір нақты шешімі жоқ. Оқиға әрі қарай қалай өрбитіні де беймағлұм. Сөйтіп даланың киесі саналған киік, бүгінде қоғамның күйігіне айналып барады.