"Марқұмдар психологқа, ерлер акушерге қаралған": Павлодардағы медициналық заңсыздықтардың беті ашылды

Qaz365.kz редакциясы
med.mcfr.kz

Павлодар қаласының прокурорлары «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ бюджет қаражаты мен активтерінің жұмсалуын тексеру барысында өтірік медициналық қызмет көрсету деректерін анықтады, деп хабарлайды Qaz365.kz

Тексеріс нәтижесінде мамандардың қағаз жүзінде қайтыс болған адамдарға психологиялық кеңес бергені, ал акушер-гинекологтардың ер адамдарды "қабылдағаны" белгілі болды. Сонымен қатар, емдеу қызметтерін қайталап көрсету арқылы екі есе ақы алу және тиісті рұқсат қағаздары мен сертификаттары жоқ мамандардың медициналық көмек көрсету деректері тіркелген.

Қадағалау актілері бойынша заң бұзушылықтарды жою, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту және мемлекетке келтірілген 100 миллион теңгеден астам шығынды қайтару жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта 62 миллион теңге бюджет қаражатын жымқыру және медицина саласындағы заңсыз кәсіпкерлік арқылы мемлекетке 41 миллион теңге залал келтіру деректері бойынша екі қылмыстық іс сотқа жолданды.