Видеоны таратқан күдікті ұсталды
Ақтауда жергілікті тамада мен оның жұбайына қатысты интимдік видеоның таралуы қоғамда үлкен дау туғызды. Интимдік бейнежазба рұқсатсыз WhatsApp мессенджері арқылы жылдам таралған. Бұл жағдайға қатысты қылмыстық қозғалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тамаданың айтуынша, видео жабық форматта сақталған және оны жариялағанда «хайп» жасайтын ойлары болмаған. Оның болжамынша, файл отбасымен жұмыс істеген мобилографтың қолына түсіп, содан кейін таралып кетуі мүмкін.
«Бұл – хайп үшін жасалған дүние емес. Біз ондай арзан танымалдыққа ұмтылатын адамдар емеспіз. Видео жасырын сақталған еді. Бәлкім, бізбен жұмыс істеген адам оны байқамай ашып, таратып жіберген шығар. Қазір соны анықтап жатырмыз», – деді тамада.
Оқиғадан кейін ерлі-зайыптылар бейнеүндеу жариялап, бейнежазбаны таратпау жайлы өтініш жариялады. Тамаданың жарының айтуынша, бұл жағдай олардың отбасына үлкен күйзеліс болған. Оның сөзінше, бейтаныс адамдар көптеген хабарламалар жіберген. Бейәдеп сөздер жазылған хаттар оның күйзеліске түсуіне себеп болған.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы «Жеке өмірге қол сұғу және жеке өмір туралы мәліметтерді адамның келісімінсіз заңсыз тарату» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Құқық қорғау органдары жәбірленушілердің арызы бойынша жедел шаралар қабылдаған. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталған. Тергеу деректеріне зер салсақ, Ақтау қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны, видеоның таралуына қатысы бар деген күдікке ілінген.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде әртүрлі пікірлер айтылуда. Бір бөлігі тамаданың отбасын қолдап, олардың жеке өміріне құрмет көрсетуге шақырса, енді бір қолданушылар керісінше видеоны іздеуді жалғастырып отыр. Сонымен қатар, алаяқтық әрекеттер тіркелген. Белгісіз тұлғалар Telegram арналарға кіргізіп, «толық нұсқасын» береміз деп уәде етіп, кейін ақша талап еткен.
Айта кетейік, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті ақын және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 19 сәуірде дүниеден озды. Qaz365.kz редакциясы Мұхтар Шахановтың өмірі мен ерлігі жайлы мақала жазған еді.