Алматы метрополитенін салу және жарақтандыру жұмыстарына бөлінген бюджет қаражатының тағы 127 млн теңгесі мемлекет кірісіне қайтарылды, деп хабарлайды Qaz365.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл қаражат басқа заңды тұлғаның банк шоттарында жасырылған жерінен анықталған.
Прокурорлық тексеріс барысында сот актісі кассациялық тәртіппен қайта қаралып, ұрланған ақшаның бір бөлігі табылды. Қадағалау органының кассациялық наразылығы негізінде сот шешімдері өзгертіліп, аталған сома мемлекет пайдасына тәркіленді. Бұған дейін, 2024 жылы «Метрополитен» КМК мен мердігер ұйымдардың басшылары ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың сәуір айында «Метрополитен», «Алматыметроқұрылыс» АҚ және «Автоматизация және Технологии Сервис» ЖШС-нің 10 бұрынғы басшысына 5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген айып тағылған еді. Тергеу барысында олардың 2018-2020 жылдар аралығында «Сарыарқа» және «Достық» станцияларын салу кезінде жабдықтардың құнын негізсіз қымбаттатып, ақшаны жалған фирмалар арқылы шығарып отырғаны дәлелденді.
Істің негізгі фигуранттары сот шешімімен 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Қазіргі уақытта ұрланған қалған қаражатты іздестіру және қайтару жұмыстары жалғасуда.