Алматы кәсіпкерлерінің жай-күйі қалай
Алматылық кәсіпкер шаһардағы жеңілдетілген бағдарламалар жайында айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол Қытай Халық Республикасының тумасы. 2008 жылдан бастап, Қазақстан азаматтығын алған. Өндіріс, көтерме және топтап сату, саяхат сынды көптеген бірнеше бизнеспен айналысады. Кәсіпте 15 жылдан астам уақыт тәжірибе жинаған ол, бүгінде Алматы қаласы Мәслихат депутаты болып та қызметін абыроймен атқарып келеді. Өз саласының майталман маманы Жалынбек Жайнарбаймен Алматы кәсіпкерлерінің жай-күйі жайында тілдескен едік.
- Шағын және орта бизнес субьектілері үшін дивидендтерді салықтан босату жеңілдігін алып тастау, «Салық» Кодексіне түзетулер енгізу жөнінде Мәжіліс отырысында көтерілген болатын. Алматылық кәсіпкерлер осы мәселені қалай шешуде?
- Өте орынды сауал. Орта және шағын бизнесте жүрген кәсіпкерлердің көбі дивидентті жылына 2,3,4-ке бөліп алуға алдын ала жоспарлы түрде санап біле бермейді. Сондықтан ситуацияға қарай жылдың аяғында есеп жасалып, бір рет дивидент алынады. Сол кезде дивидент 30 мың АЕК-тен асып кететін жағдайлар болуы мүмкін. Салдарынан салыққа ілініп жатады. Егер аталған көрсеткіштен аспайтын болса, салыққа кірмейді. Қазір осыған қатысты арнайы Заң қабылданып жатыр. Оның үстіне кәсіпкерлер бизнес жүргізгенде банктердің коммиссиясы да аз емес. Дивиденттерді салықтан босатуды өз басым қолдаймын. Ал егер алып-сатумен айналысатын компаниялар болса, оларды салықтан босатудың қажет жоқ деп ойлаймын. Инновациялық кәсіпкерлікті дамыту мәселесі бүгінгі күні өзекті болғандықтан, жаңа технологиялар мен өнертапқыштық кәсіп саласында маңызды рөл атқарады. Алыпсатарлық сауда түрі бұл сұранысты қанағаттандырады деп айта алмаймыз. Сондықтан салық мәселесі осы бизнес түрін жүргізетіндерді айналып өтпеуі керек.
- Алматы кәсіпкерлерінің «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан жеңілдетілген несиелер, субсидиялар алатынын білеміз. Бұл бағдарламалар кәсіпкерлерге қаншалықты тиімді?
- «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры – ірі масштабтағы бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндік. Орта кәсіппен айналысатын Алматы қаласы кәсіпкерлері үшін де бұл жақсы дүние. Бірақ бізде былтырдан бері шектеме болды. Қазақстанда кәсіпкерлердің көбі бірден өндіріспен айналыспайды. Алыпсатарлықпен айналысып жүрген адам айналымын көбейту үшін девальвацияға да алаңдайды. Оның мөлшері көп болғандықтан, арзан капитал қай кәсіпкерге болмасын керек-ақ. Шағын және орта бизнес кәсіпкерлері екінші деңгейдегі банктер арқылы ғана ала алады. Ал екінші деңгейдегі қолжетімді жақсы бағдарламаның бірі – «Даму» қоры. Алып-сатумен айналысып жүрген кәсіпкер бірнеше жылдан кейін айналымын үлкейтуі керек. Өйткені қазір Қытайда конкуренция артуда. Шекара ашылғаннан кейін алып-сатумен айналысатын адамдар тезірек өндіріске әрекет жасап әлек. Қазақстанның күретамыры болып тұрған ірі мегаполис Алматы қаласында сауда жақсы жүреді. Сондықтан «Даму» қорының кәсіпкерлердің жұмысын жандандыратын тиімді бағдарламасын тоқтатпау керек. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекет берген мүмкіндікті пайдалана алмайтын кәсіпкерлер де жоқ емес. Мысалы, «Алматы-қаржы» деген жақсы бағдарлама бар. 500 млн теңгеге дейін қолдау көрсетеді. Алматының екінші деңгейлі банктері үшін үлкен қаражатты игерген тиімді. Өздеріңіз білесіздер, банктерде кепіл несиелердің түрлері көп. Екінші деңгейлі банктердің пайызы төмендесе, көп кәсіпкерлердің мәселесі шешілер еді. Себебі үлкен және орта деңгейден жоғары өндірістерді қаржыландыратын бөлім екінші деңгейдегі банктердің қатысуынсыз мемлекеттік қаржылық органдармен тікелей жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалғанын қалайды. Осы екі мәселенің шешімі бизнесті қарқынды дамытып, үлкен серпін әкеледі.
- Несие тарихы жоқ алматылық кәсіпкерлер бизнесін қалай жүргізе алады?
- Қазірдің өзінде маған осы мәселе бойынша хабарласатын адамдар өте көп. «Бізге 40-50 млн теңге керек. ИП-ны кеше ғана ашып едім, неден бастаймын, қалай жүргіземін?» деген сынды бизнеске қатысты сұрақтармен келеді. Шағын және орта бизнеспен айналысатындардың көпшілігінде кепілге қоятын мүлкі жоқ. Алматы төңірегінде тұратын адамдар кәсібін Алматы қаласының өзінде жүргізіп жатады. Ал оның шет шақта орналасқан мүлкі қаладағыдай бағаланбайды. Сол себепті де кепілге жарамайды. Бұл негізі, бұрыннан бар проблема. Несие тарихы жоқ кәсіпкерлер кепілсіз кәсіптерін дамытуы күрделірек болады.
- Кәсіпкерлікті дамытуда қандай қағидаларды ұстанған жөн?
- Өз басым бизнес тренингтердегі жаттанды сөздерді қолданудан аулақпын. Қағидаға байланудың да қажеті жоқ деп ойлаймын. Ең бірінші істеп жатқан жұмысыңның шебері болуың керек. Кейінгі этаптарда қиындық туындамас үшін әу бастан кәсіпті адалынан жүргізу қажет. Уақытылы салық төленуі тиіс. Сонда ғана кейіннен мемлекеттік жеңілдіктер мен төмендетілген несилерді алуға да мүмкіндік көбейеді.
- Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз!