Қоғамда қызу талқыланған фильм
Желтоқсанның соңында шыққан «Дәстүр» хоррор-драмалық фильмі 1 миллиард теңгеден астам касса жинады. Қоғамда қызу талқыланды. Осы фильмде басты рөлдегі күйші қыз Диананы сомдаған актриса Нұрай Жеткерген «Айту керек» подкастында рөлге қалай бекітілгенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мені алғашында шақырған кезде бас тартқан болатынмын. Өйткені сценарийді оқыған кезде ондай образға әлі ертелеу деп ойладым. Сондықтан «Кешіріңіздер, түсе алмаймын» дедім. Өзімді тыйған болатынмын. Кейін екінші рет фильмнің режиссері Қуаныш Бейсек тағы бір қоймай шақырды. Мен бірден финалдық кастингке барып, Ермекпен бірге проба түсірдік. Режиссер сол жерде шешім қабылдағандай көрінді. Арада бір апта өткенде жобаның дайындығына кірісіп кеттік. Домбыраны үйрене бастадым. Оңай болған жоқ. Рөлге ену қиынға соқты. Халыққа қыздың көз жасын, тағдырын дұрыстап жеткізуді ойладым», – дейді Нұрай Жеткерген.
Фильмде басты рөлдегі жігіттің аты – Болат, әкесінің есімі – Нұрсұлтан, ауылдың аты – Болашақ, мейрамхананың «Хан шатыр» деп аталуынан саяси астар іздейтіндер бар. Осыған қатысты имам рөлін сомдаған актер Әсет Есжан жауап бере кетті.
«Дәстүр» бір рет көре салып, түсінетін фильм емес. Бірнеше рет қарау қажет. Мен өзім таныстырылымда, сосын халықпен бірге барып көрдім. Үлкен экраннан тағы бір қарағым келеді. Фильмдегі адам есімдерінің осылай таңдалуы – сәйкестік, бәлкім режиссердің бір ойы болған шығар. Бұл тақырыпта сөйлеспедік», – дейді Әсет Есжан.
Айта кетейік, Нұрай Жеткерген – 18 жастағы актриса. Өнер колледжінің соңғы курсында оқиды.