Қазақ халқы Бекзаттай ұлын ұмытпайды
Алматы қаласының Мелекеттік қуыршақ театры ағымдағы жылдың ақпан айының 21-і күні қазақстандық боксшы, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Бекзат Саттархановтың батыл рухына арналған «Чемпион» қойылымының премьерасын театр сүйер қауымның назарына ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қойылым Бекзаттың қысқа ғана ғұмырында жүріп өткен жолын, жеңісті күндерін баяндайды. Арманға деген адалдық, мақсатқа жету жолындағы қажырлы еңбек, елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті насихаттайтын қойылым жас жеткіншектерді қайсарлыққа, өжеттікке, батылдыққа, шыдамдылыққа тәрбиелейді.
Мұндай қойылым театр сахнасында алғаш рет сахналанды. Бұған дейін жасындай жарқ еткен боксшы жайында талай ақын-жазушы қалам тербеді. Деректі фильм түсірілді. Ол туралы фильм де бар. Қуыршақ театры да олимпиада чемпионын жас ұрпаққа үлгі етуді жөн көрген. Осы қойылым арқылы балаларға ұлт мақтанышы, болмысы бөлек боксшы Бекзатты жақынырақ таныстыруды көздеген.
Қуыршақ театры сахнасында тұңғыш рет ұсынылатын қойылымның ерекшелігі – болмысы бөлек бокс шебері, ұлт мақтанышы, небәрі 20 жылдық ғұмырында 143 жекпе-жек өткізген біртуар боксшының асқақ рухын қуыршақ образында көрсету.
Кинематография элементтерін ұтымды пайдалана отырып, әр дәуірдегі қазақ халқының жеңісі мен жеңілісін түрлі символикалық образдар арқылы тарихи фактілермен байланыстыра қабыстырылған қойылым Бекзат Саттархановтың күресі арқылы күллі ұлт тарихын баяндайды.
Жасөспірімдер аудиториясына арналып дайындалған драма жанрындағы қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр ардагері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, авторы – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының жүлдегері, драматург Әлібек Байбол, суретшісі – Юлия Чернова, Ануар Бүркітбаев, музыкамен көркемдеуші – Бақберген Байшығаш, хореографы – Анна Цой.
Ешқашан ұмытылмайтын батыр бейне Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жарқын жолына арналған қойылым барша қазақ еліне ұлттық рух, биік патриоттық сезім, жалынды жігер сыйлап қана қоймай, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры репертуарында ойып орын алатын тағылымды да мағынасы терең туынды болмақ.
«Біз ринг арқылы қарамаймыз, біз сахна арқылы қараймыз. 20 жастағы кішкентай жап-жас бала, соншама жерге барып олимпиаданың чемпионы болу дегеніміз бұл құдырет. Оның ар жағында бүкіл халықтың тарихы тұр. Оның ар жағында сақтар тұр. Оның ар жағында ғұндар тұр. Оның ар жағында мың өліп, мың тірілген Алқакөл сұлама тұр, оның ар жағында көк бөрінің рухы тұр. Иә, қойылымда кинематография элементтері қолданылған. Әр дәуірдегі қазақ тарихын символикалық образдар арқылы көрсетеді. Тарихи деректер келтіреді. Осының бәрін байланыстыра отырып, Бекзат Саттархановтың күресі арқылы күллі ұлт тарихын баяндайды», – деді режиссер Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек.
«Мұндай азаматтарды ұмытуға болмайды. Сол себепті, бүгінгі қойылым біздің болашақ мынау кішкентай бүлдіршіндерімізге, ұрпағымызға тастап кетейін деп жатқан аманатымыз. Бекзаттың қалай жеңіске жеткені, рухының мықтылығы. Оның қайдан шыққаны, қазақ жерінің бай екенін көрсете білген», – деді актер Шоқан Құлназаров.
«20 жасар бала небәрі 5 жылда чемпион болу деген үлкен спортта ертегі былайша айтсақ. Бекзат небәрі 5 жылда барлығын бағындырып, әлем шыңына қазақтың көк туын желбіреткен ұл ғой. Мен не тілеймін келешек ұрпақтарымызға, осындай ұлдар болса деп тілеймін. Қыздар болса деп тілеймін. Бекзаттай болып өсейікші, Бекзаттай өсірейікші деген ата-аналарды көргім келеді қазақ елінен», – деді Б.Саттархановтың анасы Сырлыгүл Шойбекова.
Қазақ халқы Бекзаттай ұлын ұмытпайды. Оған осындай туындылар дәлел. Оның спорттағы жарқын жолы қазақ еліне ұлттық рух, патриоттық сезім, жалынды жігер сыйлады.
Сондай-ақ кішкентай бүлдіршіндерді адами асыл қасиеттерге тәрбиелеп, ізгілікке үндейтін театр ұжымы ақпан айында әлемге әйгілі «Етік киген мысық» ертегісінің де премьерасын ұсынбақ.