×

Тамыз кеңесі: Дарынды балалармен жұмысты нығайту қажет

Облыстық пленарлық сессияға өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы өзі жетекшілік етті

Тамыз кеңесі: Дарынды балалармен жұмысты нығайту қажет
Qaz365.kz

Дарынды балаларға арналған мектептер саны бойынша Ұлытау облысы көш соңында тұр. Бұл туралы Ұлытау облысында өткен ұстаздар тамыз кеңесінде айтылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ұлытау облысындағы кеңес «Әділетті Қазақстан: Сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбының «Дарынды балалар – ұлт мақтанышы»  бағытында өтті.

Облыстық пленарлық сессияға өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы өзі жетекшілік етті.

– Қазіргі таңда облысымызда 87 мектеп, 49 балабақша, 10 қосымша білім беру ұйымы және 14 колледж бар. Біз ҚР Оқу-ағарту министрлігімен Ұлытау облысын дамытудың аймақтық жол картасын бекіттік. Аталған жол картасында білім беру нысандарын модернизациялау, материалдық-техникалық базаны жетілдіру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты маңызды бағыттар қамтылды.  Биылғы жылдың өзінде 1,8 млрд теңгеге 47 білім беру нысанында (14 балабақша, 30 мектеп, 3 колледж) жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деген Берік Әбдіғалиұлы мектептердегі жөндеу жұмыстарына «Қазақмыс» корпорациясы қаржыландыратын «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қоры атсалысып жатқанын айтты.

Аталған қор биыл Сәтбаев қаласындағы С.Сейфуллин атындағы гимназия мен Жезқазған қаласындағы № 3 мектепке аккредитация жүргізеді. Соған сай жөндеу жұмыстарына да қаржылай көмек беріп жатыр.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 145,5 млн теңге,  45 пәндік кабинет сатып алуға 438,5 млн теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ, мектеп автопарктерін жаңарту үшін 522,5 млн теңгеге 10 автобус және 5 шағын автокөлік сатып алынған. Облыстағы 1-4 сыныптарда оқитын барлық оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылады. Олардың саны биыл 17 2019-ды құрап отыр. Ол үшін шамамен 1,5 млрд теңге бөлінген.

Облыста балабақша тапшылығы байқалады. Бұл бойынша ата-аналар да әлеуметтік желілерде алаңдаушылықтарын білдіріп, ұсыныстарын да жазып жүр. Балабақшаларға қол жетімділікті ұлғайту мақсатында Жезқазған қаласындағы 320 орындық балабақшаның құрылысын 2024 жылдың алғашқы жартысында аяқтауды жоспарлануда. Бұл балабақша ғимаратының салынып, қараусыз қалғанына да біраз жыл болған еді. Қазіргі таңда құжаттары рәсімделіп жатқан көрінеді. Оған қоса, биылғы жылдың соңына дейін Сәтбаев қаласындағы 320 орындық балабақшаның да құрылысы аяқталады.

Тамыз кеңесіне арнайы келген елімізге белгілі білікті мамандардың бірі – QAZBILIM Ұлттық лицейінің директоры Аятжан Ахметжанұлы. «Дарынды ұрпақ – ұлт қуаты» тақырыбында лекция оқыған ол бала бойындағы қабілетті ерте жастан анықтай білу, елін сүюге бағытталған білім, отансүйгіштікке тәрбиелеу тақырыптарында әңгіме өрбітті.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова осыдан бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда, педагог мамандығын таңдауға ниетті оқушылар санының едәуір артқанын жеткізді. Соның дәлелі – биыл әрбір төртінші оқушы мұғалім мамандығына оқуға түскен. Биылғы шекті балл 111-ді құрапты.

Облыстық кеңеске ҚР ОАМ Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлназ Сүлейменова да қатысты. Ол «Дарынды балалармен жұмыс: жетістіктер, мәселелер, шешу жолдары» атты баяндамасында елімізде элиталық білім беретін дарынды балаларға арналған мектептер саны 15-тен 134-ке көбейгенін айтты. Десе де, осындай мектептер саны бойынша Ұлытау облысы көш соңында тұр. Әзірге облыста дарынды балаларға арналған екі білім ордасы ғана бар. Олар – №3 білім инновация лицейі мен Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты. Аталған екі мектепте 875 оқушы білім алуда. Дарынды балалармен жұмысты нығайтып, олардың ұстаздарына қолдау таныту қажет екенін айтқан Гүлназ Сүлейменова облыс басшысына өзге өңірлер тәжірибесін нысанаға алып, сапалы білім ұйымдастыруды қадағалау маңызды екенін тілге тиек етті.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →