×

2023 жылдың басты оқиғалары

2023 жылдың басты оқиғаларын назарларыңызға ұсынамыз

2023 жылдың басты оқиғалары
Коллаж Qaz365.kz

Тарихтың қойнауына еніп бара жатқан 2023 жылдың  да өз оқиғалары бар.  Бұл жылы ел азаматтары басынан түрлі оқиғаны өткеріп үлгерді. Оның ішінде қайғылысы да, қуаныштысы да бар, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алты партия өткен Мәжіліс сайлауы

Биылғы жыл сайлаумен басталды. Парламент Мәжілісінің құрамы жаңарды. Алғаш рет төменгі палатаға алты партияның өкілдері депутат болып сайланды. «Amanat» партиясына 40, «Ауыл» халық­тық-демократиялық партиясына 8 мандат бұйырды. «Respublica» пар­тиясынан 6 депутат Мәжіліске ба­р­ды. Қазақстан Халық партиясы 5 орын­ды қанжығасына байлады. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партия­сы 6 мандаттың иегері атанса, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына 4 мандат бұйырды. Сонымен қатар өзін-өзі ұсынып, сайланғандар бар.

Семейдегі орман өрті

Биыл маусымда «Семей орманы» резерватында болған алапат өрт салдарынан 15 адам қаза тауып, 60 мың гектар орман өртенді. Кәсіпорын басшылығы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған деген күдікке ілінді. 12 маусымда елде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қызметінен босатылды.

Мемлекет басшысы қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарымен кездесіп, көңіл айтты.

Бесеудің соты

Биылғы басты резонансты істердің бірі – Қаңтар оқиғасы кезінде «әуежайды басып алу» ісі болды. Алматы қалалық соты Қаңтар оқиғасы кезінде «әуежайды басып алған» деген айыппен белсенді Әйгерім Тілеужанова, бұрынғы мұғалім Қалас Нұрпейісов, қала тұрғындары Нұрлан Далыбаев, Ермұхамет Шилібаев пен Жан-Айдар Кәрменовті соттады. Үкімді 11 шілдеде Алматы қаласының Наурызбай аудандық соты шығарды.

Судья Марат Кәкімжанов журналист, қоғам белсендісі Әйгерім Тілеужанды 4 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу және сот залынан қамауға алу туралы үкім оқыған. Судья үкімі бойынша, Әйгерім Тілеужанның абақтыда қамауда отырған 1 тәулігі 1,5 тәулікке, үйқамақтағы 1 тәулігі тәулікке есептелген.

Судья айыпталушылар Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсын 8 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу жөнінде үкім кескен. Олардың қамауда отырған бір тәулігі 1,5 тәулікке есептелген.

19 қыркүйекте Қаңтар оқиғасы кезінде "Әуежайды басып алу ісі бойынша" сотталғандардың шағымын қарайтын Алматы қаласындағы апелляциялық сот даумен басталды. Сот отырысына келген адамдар көбейген кезде сот онлайн режимде өтетіні хабарланып, сотталушылардың туыстары, адвокаттары мен белсенділер наразылық білдірген.

Құқық қорғаушылар Әйгерім Тілеужанды саяси тұтқын деп таныды. Құқық қорғаушылардың сараптамалық кеңесінің шешімі туралы 13 қыркүйекте «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина хабарлады.

Сотталғандар өзіне тағылған айыппен келіспеді. Сот үкімін әділетсіз деп есептейді.

46 адамның өмірін қиған шахтадағы апат

Бұл биыл екінші рет жалпыұлттық аза тұту жарияланған апат. Қарағандыдағы Костенко шахтасындағы апат 46 адамның өмірін қиды. Ресми мәлімет бойынша, механикалық ұшқынның салдарынан газ өртенгеннен кейін ірі өрт шығып, соңы жарылысқа ұласқан. «Көмір өндіру кезінде қауіпсіздік талаптарын орындамады» деген күдікпен жеті адам ұсталған.

Осыдан кейін инвестор Лакшми Митталмен келісімшарт бұзылып, орнына қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының жаңа иесі атанды.

«АрселорМиттал Теміртау» нысандарында кейінгі 15 жылда 120-дан астам адам опат болған. 

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілердің отбасына он жылдық жалақы төленетінін жеткізді. Қаза болған шахтерлердің, олардың жұбайларының, ата-аналары мен балаларының несиелері өтелді. Сондай-ақ компания әрбір отбасына кемінде 18 шаршы метр пәтер сатып алуға міндеттенеді. Сақтандыру төлемдері, ЖОО-да 23 жасқа дейінгі балалардың оқу ақысы төлене бастайды.

Төреғали Төреәлінің ұсталуы

Эстрадада жүрген танымал әнші Төреғали Төреәлінің жылда бір шулатып қоятыны бар. Биыл ол есірткі қолданып, көлік жүргізгені үшін қамауға алынды. Алматы қалалық полиция басқармасының хабарлауынша, әнші полиция талабына бағынбай, қашып кетпек болған. Әуелі 20 күн, кейін қамау мерзімі ұзарып, 40 күндей уақытша ұстау изоляторында отырып шықты. Кейін жазасын қоғамдық жұмысқа жегіліп өтеді.

Хостелдегі өрт

Қарашаның соңғы күнінде Алматыда хостелдердің бірінде өрт болып, оқиға орнынан 13 адамның денесі табылды. Қаза тапқандардың тоғызы қазақстандық, қалғаны шетелдіктер. Мемлекет басшысы қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты. Алматы әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыруға және қаза тапқандардың денесін тасымалдауға көмектесті.

 Өртке оранған хостелдің ашылғанына бір жарым ай болған. Ол банктердің біріне тиесілі болған. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, банк оны кепіл-мүлік ретінде жалға берген екен. Жалпы хостелде 72 адам тұрып жатқан. Әйтеуір, 59 адам сыртқа шығып үлгерген. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Кейіннен өрттен қаза тапқандар тізімінде тұрған Түркістан облысының тумасы тірі болып шықты. Оның есімі – Рамазан Батырәліұлы Әмірәлі.

Love Aika тізімі

Әлеуметтік желіде жеңгетай әйел – Айканың қыздарынан эскорт қызметін жиі алып тұратын жігіттердің тізімі тарап кетті. Ішінде әнші Қайрат Нұртасқа дейін жүр.

VIP жеңгетай Айканы маусым айында Ішкі істер министрлігі қолға түсірген еді. Министрлік Алматыда айналымы 209 миллион теңгеден асатын элиталық эскорт қыздардың «жабық» әлеуметтік желілері жойылғанын хабарлаған болатын. Осы әлеуметтік желілер арқылы, полицияның мәліметінше, Алматыда тек ауқатты ерлерге интимдік қызмет  көрсететін модель қыздардың қатысуымен секс кештері ұйымдастырылған.

Тізімдегі 300 адамның арасында облыс әкімінің бірінші орынбасары, сосын министрлікте басқарма басшысы болып отырған лауазымды тұлғалар бар.

Азия ойындарындағы сәтсіздік

23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында жазғы Азия ойындары өтті. Қазақстаннан 500-ден астам спортшы барды. Бірақ алтыны аз Азиада болды. Ел құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль иеленді. Қазақстан бұл жолы байрақты бәсекені 11-орынмен аяқтады. Бұл тарихтағы ең төменгі нәтиже. 1994-2014 жылдар аралығында жерлестеріміз 5-орыннан төмен түспеген. Тек 2018 жылы тоғызыншы, 2023 жылы 11-орынға дейін сырғып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажеттігін айтты.

Тарихтағы тұңғыш алтын

Қазақ балуаны Ризабек Айтмұқан Сербия астанасы Белград қаласында өткен әлем чемпионатында еркін күрестен топ жарды. Ол ақтық сында Әзербайжан балуаны Осман Нурмагомедовтен басым түсті.

Бұрын-соңды күрестің бұл түрінен қазақ баласы әлем біріншілігінде жеңіске жетпеген. Тек грек-рим күресінен бес рет әлем чемпионатында алтын алғанбыз. Жалпы Ризабек күрес түрлерінен 24 жылға үзілген жеңіс жолын жалғады. Соңғы рет Мхитар Манукян 1999 жылы грек-рим күресінен чемпион атанған.

Аягөздегі төрт баланың өлімі

Қазан айында Абай облысы Аягөз қаласында жеке үйлердің бірінен өрт шығып, құтқарушылар төрт баланың денесін тапты. Бұл жағдай қоғамды тағы бір дүр сілкіндірді.  Балалардың әкесі  жедел жәрдем жүргізушісі болып жұмыс істейді. Анасы үй шаруасында екен. Сол күні сиыр сауып, сүтін сатып, балаларға банан әперу үшін кеткен. Балалардың үлкені 8 жаста. Одан кейінгілері 6, 4, 2 жаста болған.

«Азаттық» радиосының тілшісі Нұртай Лахан төрт бала көз жұмған қаралы үйге барып, сол үйден қомақты қаражат ұрланғанын әлеуметтік желіге жазды.  Оның сөзінше, отбасының екінші ұлы Нұрасылдың көзі дұрыс көрмеген. Бұған дейін екі рет ота жасатқан. Үшінші рет тағы бір ота жасату үшін әкесі там-тұмдап тиын-тебен жинаған. Әке-шешесі сол мақсатқа 900 мың теңге жинап, шкаф ішіндегі куртканың төс қалтасына салып қойған. Өрт болған күні сол ақша жоғалып кеткен.

«Бишімбаев ісі»

2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болды. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуаныш Бишімбаев азғындықпен азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.

Астана полиция департаменті әйелді өлтіру фактісі бойынша тергеу қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («кісі өлтіру») бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Тергеуді Астана қаласының полиция департаменті тергеу басқармасы жүргізеді және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі басшылығының бақылауында болады.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Салтанат Нүкенованың қазасына байланысты арнайы тапсырма берді. Президент бұл жағдайды қатаң бақылауға алып, Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің жолын кесуді тапсырды.

Әділет министрлігі марқұм Салтанат Нүкенованың денесіне 12 сараптама тағайындалғанын мәлім етті. Ал туыстары Бишімбаевты өмір бойына соттау керектігін, ешқандай кешірім болмайтынын айтты.

Футболшылар сыйлаған үміт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңінде соңғы сәтке дейін бізді үміттендерді. Тіпті, Словениямен өткен ойында да соңғы минуттарға дейін тікелей жолдама алып кетуіміз ықтимал секілді көрінген. Дегенмен, футболда үнемі сәттілік пен бірлік ғана көмектесе бермейді. Бұл жолы тікелей жолдамадан қағылдық. Бірақ бізде әлі бір үміт бар. Ол Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы Германияға жолдама алу.

Қазақстан Еуро-2024 іріктеу кезеңінің H тобында 6 матчты жеңіп, 18 ұпай жинады. Бұл жаңа рекорд. Бұрын-сонды әлемдік доданың іріктеу додасындп мұншалықты ұпай жинамағанбыз. Біздің топтан Дания мен Словения тікелей жолдама алды.


Футзалдан әлем чемпионатына жолдама алдық

Есесіне, футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Кака шәкірттері әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Румыния, Әзербайжан және Нидерланд құрамаларымен бірге А тобына түскен. Алты турдан кейін ұлттық құрама 100 пайыздық көрсеткішпен 18 ұпай жинады. 

Айта кетсек, ел құрамасы әлем чемпионатының финалдық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түсті. Олар 2021 жылы 4-орынға табан тіреді.


Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті

2023 жылғы 14 қарашада Қазақстан Республикасының халық саны 20 миллион адамға жетті. Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. 

Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар. Естеріңізге сала кетейік, 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адамды құрады. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті. Мәселен, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7% өсті.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

360 миллион теңгеден астам соманың 20 мыңға жуық дозасы тәркіленді
Келтірілген материалдық шығын өндіріліп алынады

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →