×

"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының Созақтағы жұмысшылары Алматыда митингіге шықты

Митингіге жиналғандар еңбек дауын мемлекет арнайы комиссия құрып, әділ шешуге тиіс деген талап қойды

"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының Созақтағы жұмысшылары Алматыда митингіге шықты
"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясына қарасты "Аппақ" ЖШС қызметкері Асқар Болат

Бүгін, 17 сәуірде Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының артындағы саябақта "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы бір топ жұмысшысы наразылық митингісіне шығып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа компаниямен арадағы еңбек дауына байланысты үндеу жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі azattyq.org-ке сілтеме жасап. 

Митингіге келгендердің айтуынша, 2018 жылы компанияға тиесілі "Аппақ" кен шахтасының басшылығы ауысқаннан кейін 100-ге жуық жұмысшы жұмыстан заңсыз шығып қалған.

Түркістан облысының Созақ ауданында орналасқан "Аппақ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әкімшілік-шаруашылық қызметінің бастығы болып жұмыс істеген Асқар Болат "мені де жұмыстан заңсыз босатты" дейді. Ол осы серіктестіктің "Батыс Мыңқұдық" кен орнында 12 жыл жұмыс істегенін айтады.

“Жаңа басшылық маған "өз еркіңмен арыз жазып, жұмыстан кет" деген талап қойды. Мен кетпедім. Сосын мені еш негізсіз сыртымнан шығарып жіберді. Бастапқыда уақытша шеттетті. Кезекті вахта демалысында ауылыма кеткенімде, телефон шалып, "жұмыстан босатылдың, бұйрық пен еңбек кітапшаңды поштамен салып жібереміз" деді. Себебін де айтпады, ештеңе түсіндірген де жоқ”, – дейді ол.

Асқар Болат 2020 жылы қазан айында жұмыстан шығарылған. Содан бері бірнеше мәрте сотқа беріп, өзінің негізсіз босатылғанын дәлелдесе де, қанағаттандыратын шешім ала алмаған. Компанияға да, үкіметке де хат жазғанымен, еш нәтиже болмаған. Ол митинг өткізетіні туралы Алматы әкімдігіне 10 реттен көп хабарласып, осы жолы ғана рұқсат алғанын айтады.

"Қазатомөнеркәсіптегі" жұмыстан заңсыз шығып қалған он шақты адамның құқығын қорғап жүрген адвокат Жаңабек Әбішев "Аппақ" серіктестігінің 65 пайыз акциясы "Қазатомөнеркәсіп" компаниясына тиесілі екенін айтады.

Оның сөзінше, "Аппақ" ЖШС 2018 жылдан бері 100-ге жуық адамды жұмыстан шығарған.

“Оның арасында 12 жылдан 25 жылға дейін жұмыс істеген тәжірибелі инженерлер мен техниктер де бар. Олардың жұмысынан кінәрат тауып отырған жоқ. Жаңа басшылық өздеріне ыңғайлы адамдар мен таныстарын жұмысқа алғысы келеді, бар болғаны сол”, – дейді адвокат.

Митингіге жиналғандар еңбек дауын мемлекет арнайы комиссия құрып, әділ шешуге тиіс деген талап қойды.

Азаттық "Аппақ" серіктестігіне байланысты айтылған талаптарды "Қазатомөнеркәсіп" компаниясынан сұраған. Алайда компанияның баспасөз қызметі ресми хат жолдауды талап етті.

"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ – уран, сирек металдар, атом электр станцияларына арналған ядролық отын импорты мен экспорты бойынша Қазақстанның ұлттық операторы.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады
Кеше, 18:45

2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады

20 мың АЕК-тен астам мүлік сатып алғандар декларация тапсыруды жалғастырады.  
«Shine Muscat» жүзімі түрінен карантиндік зиянкестер табылмаған
Оларға қазіргі мөлшердің 6,5%- ы қосылады
7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →