×

Украинада киіз үй тігіп жүрген қазақстандық - мұндағы жағдайлар бізде де қайталанып жатыр

Украинада киіз үй тігіп жүрген қазақстандық - мұндағы жағдайлар бізде де қайталанып жатыр

Украина елінің төрінде қазақ мецанаттары осымен жетінші рет киіз үйлерді тікті. Киіз үйлердің жұмыстарына жергілікті қазақтар мен отандастарымыз ерікті түрде көмектесіп жатыр. Жылу мен жарықсыз қалған қала тұрғындарына киіз үйлеріміз уақытша баспана болуда. Украинада ерікті болып жүрген отандастарымыздың бірі – Еркінбек Садықов Qaz365.kz тілшісіне Украинадағы қазіргі ахуал туралы, қазақтың жат елдегі киіз үйінің жұмысы жөнінде айтып берген болатын.

Еркінбек Садықов 1979 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазақстанда транспорт саласында оқыған. Украина мемлекетіне келгеніне екі айдың жүзі болыпты. Молдова елі арқылы шекарадан өткен ол, қазір Украинаның Николаевка қаласында жүр.

«Ресейге жақын орналасқан елдердің азаматтарын Еуропа мемлекеттері оңайлықпен кіргізе бермейді екен. Молдова шекарасында анама хабарласып, туыстық қарым-қатынасымды растап бердім. Еуропа соншалықты дамыған екен. Қазақстанда күзетші болып жұмыс істегенмін. Бір жарым жыл бойы Қызылордадағы «Абай Дәулет» күріш мекемесінде жүрдім. Осы кезде ұрыларды қолға түсірдік. Басшылар сыйақы жазудың орнына балаға кәмпит бергендей, он мың теңгені қолымызға ұстатты. Осы сәт қатты намысыма тиіп, жұмыстан шығып кеттім. Бұдан кейін қаражатымды жинап, Украинаға ерікті болуға шешім қабылдадым», - дейді сұхбат беруші.  

Кейіпкеріміз 2018 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында Қазақстандағы оңтүстіктен солтүстік өңірлерге қоныс аударған.

Еркінбек мырзаның айтуынша, Қазақстандағы қазіргі болып жатқан кейбір оқиғалар,  Украинада 2014 жылы болған дүниелер дейді.

«Украинадағы болған жағдайлар бізде де қайталанып жатыр. Қазақстан халқы өз қолына алмаса, жағдай ушығып кетеді. Петропавлда елдің тәуелсіздігін мойындамаймыз деп жатқандар бар. Донецк пен Луганск облыстарында да осындай жағдайлар болған. Украинада соғыс басталмай тұрып, мұндағы халық өзара орысша сөйлесіп жүрген. 2014 жылғы майданда халық екіге жарылды. Жартысы Ресейге тартса, жартысы шынайы патриоттығын көрсетті. Мына соғыстан кейін ана тілдерін білмейтіндері де әдейі тырысып сөйлеп жүр. Өзім «маған украинша айта беріңіздер, түсінбеген жерімді орыс тілінде сұраймын» дедім. Бірте-бірте украин тілін үйреніп жатырмын», - дейді жерлесіміз.

 Сөзінше, Украинадағы дүкендер мен сауда орталықтары азанғы сағат 8:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін ғана жұмыс істейді екен.  

         “Кеше Қазақстанның BI Group компаниясы Украинаға келді. Николаевка қаласындағы орталық аурухананы жөндеп беретін болды. Олардан киіз үйімізге қойғанға теледидар сұрадым. Жергілікті тұрғындар Қазақстанның әсем табиғатын бейне роликтерден де көргілері келеді», - дейді отандасымыз.       

Кейіпкеріміз киіз үйге ауа райы күрт нашарлап, жауын-шашын болған күндері 100 адам келеді дейді. Демалыс күндері 500 адамға дейін келіп кетеді екен.  

          «Николаевка қаласында киіз үйіміздің өкілі ретінде жүрмін. Мұнда қалатын адам да болмады. Бір кісілер пәтерімді жалдап, тамағымды төлеп беруде. Біз тек ыстық шәй мен кофе, кәмпит пен тәттілерімізді береміз. Киіз үйде тұрғындарға смартфондарын зарядтап алуға болады. Жергілікті халық киіз үйлерімізді музей ретінде қарайды. Қазақтың бір мешітіне келгендей күйде болады. Киіз үйдің айналасын суретке түсіреді. Өзім қалқан мен шоқпарды қолыма ұстап, естелікке украиналықтармен бірге суретке түсемін. Оларға қазақтың салт-дәстүрін түсіндіріп айтамын, ұлттық аспаптарымызды таныстырамын. Ұлттық киімдерімізді киіп, арнайы суретке түсетіндері де бар. Мен қазақтардың Украинаны қолдайтындарын жеткіздім.

          Киіз үйлерімізде медициналық пункттер жоқ. Ол үшін арнайы орындары бар. Америка мен Еуропадан арнайы келген медициналық нысандар бар. Николаевка қаласында Қазақстанда туған адамдар да бар екен. Кейбіреулері көз жастарын сығып, Қазақстанды сағынып жүргендерін айтады. Басқа ұлттан бола тұра, «туған жеріміз – қазақтың еліне жетпейді» дейді. Көбісі жұмыстарымызға риза. Арнайы тілек кітапшасына еліміз туралы жылы лебіздерін жазып кетеді. Бұл да бір тарихымызда қалатын дүние ғой», - дейді ерікті азамат.  

  Дегенмен де Украинаның басқа өңірлеріндегідей емес, Николаевка қаласында қазақтар өте аз екен.

“Мұнда бір-екі ғана аралас қазақ бар. Әуе шабуылдарына қатысты дабыл белгілері қосылса, сауда орындары түбегейлі жұмыстарын тоқтатады. Бірақ та біздің киіз үйіміздің есігі әрдайым ашық тұрады. Ондай кезде келушілеріміз де жоқ. Бұлар соғыстан әбден шаршаған халық. “Ұйқымыздан азанда ояна аламыз ба” деген ой үстінде жүреді ғой. Халық арасынан қатарымызға қосылған еріктілер де бар. Кейде кезекпен қызмет етеміз. Жергілікті халық біздің жабық тұрғанымызды қаламайды”, - деп сөзін аяқтады Еркінбек Садықов.

                   

Қадірәлі САРЫПБЕК

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →