×

Алматы облысында ер мұғалім оқушы қызға тиіспек болды деген күдікке ілінді

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мектепте 13 жыл еңбек еткен. Жасы 53-те.

Алматы облысында ер мұғалім оқушы қызға тиіспек болды деген күдікке ілінді
Ашық дереккөздерден

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 8 сынып оқушысын кабинетіне шақырып алып тиіспек болған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Astana.tv сілтеме жасап.

Дауыстап іздеген сыныптастар болмаса, мұның арты ауыр зардапқа соқтырар еді. Мектеп психологы оқушы қыздың күйзеліске түскенін анықтаған.

Жағымсыз оқиға Ават ауылындағы орта мектепте болған. 8 сынып оқушысы әдеттегідей сабақтан кейін воллейбол секциясына қалған, 53 жастағы мұғалім оны өз кабинетіне шақырып, есікті жауып азғындық жасамақшы болған. Алайда оны сыныптастары дауыстап іздеген сәтте мұғалім «мұны екеумізден басқа ешкім білмесін» деп қызды шығарып жіберген.  

Анасының айтуынша, қызы аяқ астынан өзгеріп, тұйық болып кеткен. Қосымшаға да барғысы келмеді дейді. Оның себебін сұрағанда, бар шындықты естіп, есеңгіреп қалғанын айтады. Мұғалімді жақсы танитындықтан, алғашқыда сене алмаған.

«Қызым қазір далаға шықпайды, депрессияға ұшырап, сөйлеуден де қалды. Басында ауылда “Бұл мүмкін емес. Басында кішкентай бала дұрыс түсінбей, ойынан шығарған” деген қауесет де тарады, алайда кейін ата-аналар маған “Неге ол әлі күнге дейін мектепте жүр?” деп хабарласа бастады», – дейді жәбірленушінің анасы София.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мектепте 13 жыл еңбек еткен. Жасы 53-те.

«Бұл мәселені педагогикалық әдеп комитетінде қарап, тек қана сөгіс жарияладық. Мұғалімді шеттеткен жоқпыз, өйткені қазіргі уақытта ол денсаулығына байланысты жұмысқа келмей жүр. Еңбек кодексінің 58-бабы негізінде жоғары құзыретті органдардан акт болу керек, сол актінің негізінде ғана әрекет ете аламыз», – дейді мектеп директоры Ляззат Нұрмаханова.

Мектеп психологы зардап шеккен оқушымен жұмыс барысында қыздың бар шындықты айтқанын аңғарған. Жеткіншектің бұған дейін тәрбие жөнінен де, оқу үлгерімі бойынша да тек жақсы жағынан көрінгенін айтады.

«Қызбен бірінші күні жұмыс істегенде, ол өте ауыр жағдайда болды. Жылады, бала әбден ішінде сақтап, депрессияға тап болған. Қазіргі жағдайы сәл де болса жақсарды. Қыз өте сыпайы. Балалар мұндай жағдай туралы өтірік айта алмайтынына сенімдімін. Ал мұғалімді біз барлығымыз бұрыннан танимыз, өз жұмысына ұқыпты кісі болатын, бұл жағдай бәрімізді таң қалдырды», – дейді мектеп психологы Зейнепхан Мамырова.

Бұл жағдайға қатысты полиция іс қозғаған.

«Аталған дерек ҚР ҚК 124-бабының 2-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша Еңбекшіқазақ ауданының полициясында тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу басталды, қажетті сараптамалар тағайындалды», – дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Оқушыға жан-жақты психологиялық көмек көрсетілуде. Алматы облысы білім басқармасының мәлімдемесіне сәйкес, денсаулығына байланысты демалыстағы мұғалімді уақытша босату заң бойынша мүмкін емес

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →