×

Тәннің емшісі, жанның арашасы

Дәрігер Ғалия Шарапиева қызметі жайлы айтып берді

Тәннің емшісі, жанның арашасы

Дәрігерлер қауымы науқастың тәнін дәрі-дәрмекпен емдесе, жанын жылы сөзімен емдейді. Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жандар жазылмаған осы заңдылықты ұстанады. Азаматтық қорғау саласында 20 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан сондай білікті маманның бірі Ғалия Шарапиева қызметі жайлы айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz

Ғалия Оразақынқызы 1966 жылы қазіргі Жетісу облысының Көксу ауданына қарасты Қойбыш ауылында туған. 4 сыныпқа дейін осы ауылда білім алған ол 1978 жылы отбасымен сол кездегі Карл-Маркс колхозына қарасты Мұқыры ауылына көшеді. 5-10 сыныпты жергілікті мектепте жалғастырады. 1986-1989 жылдар аралығында Талдықорғандағы медициналық колледжде оқыған.

1989-1995 жылдары Талдықорған қалалық аурухананың Кардиология бөлімінде медбике болған Ғалия Шарапиева 2005-2006 жылдар аралығында жергілікті спорт мектебінде еңбек еткен. Ал Төтенше жағдайлар саласына 2006 жылы келіпті.

“Қазір Жетісу облысы ТЖД «ӨСжәнеАҚЖҚ» ММ Жедел-құтқару жасағы Талдықорғандағы құтқару бөлімшесінің құтқарушы-медбикесімін. Төтенше жағдайлар саласындағы еңбек жолымды Алматы облысы ТЖД Суда-құтқару қызметінен бастадым. Бұл қызмет Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағына қосылу арқылы қайта құрылған соң 2015-2022 жылдар аралығында медицина-психологиялық бөлімшенің құтқарушы-медбикесі болдым”, – дейді ол.

Ғ.Шарапиева көп жылдық еңбектің жемісін көріп, Алматы облысының әкімінен, Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті ТЖД басшылығынан бірнеше рет мақтау қағазын алған.

“Әкем Оразақын мал бақты. Кейін кеңшарда жұмыс істеді. Қарапайым да қайырымды жан еді. 1997 жылы дүниеден озды. Анам Зағира Нұрғазықызы да кеңшарда жұмыс істеді. Анам ақжарқын, мейірімді адам. Түрлі тәтті мен дәмді тағамдар пісіріп, бізді үнемі қуантатын. 1990 жылы қайтыс болды. Ата-анамыз 8 баланы бағып-қағып, мәпелеп өсірді. Бүгінде алты қыз бен екі ұлдың алды зейнет жасында. Мен үйдің төртінші баласымын. Бойымызға тәрбие мен білімді қатар сіңірген әке-шешемізге ризамыз”, – деді ол тебіреніп.

Жолдасы Сайлаубек Төлебекұлы да Азаматтық қорғау қызметінде тер төгіп жүр. Еңбек жолын сүңгуір болудан бастаған ол бүгінде Жетісу облысы ТЖД «ӨСжәнеАҚЖҚ» ММ бастығының орынбасары.

Үлгілі отбасы ұл мен қыз өсіріп, немере сүйіп отыр. Қызы Мөлдір Талдықорғандағы «Қазақтелеком» компаниясында жұмыс істейді. Оның Байболат, Әмірбай, Нұрәли атты үш ұлы бар. Ал Ғалияның ұлы Айдын Талдықорған қаласының әкімдігінде бас маман. Ол жұбайымен бірге ай мен күндей Айдария атты қыз өсіріп отырған жас отбасы.

“Талдықорғанда ұзындығы 300 метр, ал тереңдігі 5 метр болатын үлкен бассейн бар. Шомылу маусымында келушілер көп болады. Құтқарушылармен бірге біз де сол жерде адамдардың қауіпсіздігін қадағалаймыз.

Бірде 5-6 жастағы бала судың ортасына арнайы жүзу шеңберімен кетіп қалыпты. Анасының айғайы барлық адамның назарын аударды. Қорыққаннан шырылдаған баланы құтқарушылар тез арада сыртқа алып шықты. Қорқып қалғаны болмаса, бала дін аман. Оны жұбатып, ойыншықтарға алдаусыратып, анасына тапсырдық.

Маман ретінде ата-аналар мен ересектер суға түсу кезінде балаларды қараусыз қалдырмау керек деп айтамын. Әйтпесе, мұндай оқиға жиі кездеседі. Кейде тіпті, балалар көп мөлшерде су жұтып, тұншығып қалуы да мүмкін. Қай жерде, қандай жағдай болса да, сақтық шарасы басты орында болуы қажет”, – деді ол.

Дәрігер маманның айтуынша, сол бассейнде түрлі жағдай болып тұрады екен. Ойнап жүріп абайсызда басын жарып алған, су жұтып қойған, анасынан адасып қалған балалар жиі ұшырасады. Демалыс деп қауіпсіздікті ұмытпасақ екен дейміз.

“Күні кешегідей есімде... Бірде он жастағы баланың айғайы естілді. Біз аяғын қайырып алған баланы жедел жәрдем көлігі дәрігеріне тапсырып жатқанбыз. Дереу жүгіріп жеттік. Құтқарушылар бассейннен әлгі баланы алып шықты. Бақырып жылаған баланың аяғын әйнектің сынығы кесіп кетіпті. Бірден алғашқы дәрігерлік көмек көрсеттік. Қанның ағуын тоқтатып, жараны жуып, таза дәкемен таңғанымша, жедел жәрдем көлігі де жетті. Бала тез арада жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай, демалушылар өздері суға түсетін аумақты ластап жатады. Бөтелкенің сынығы баланың аяғын кесіп кетті. Тазалық арқылы адамзат пен табиғат өзара үндестік табатынын ұмыт қалдырмасақ деймін”, – деді Ғалия.

Сұхбаттасымыз қызмет пен отбасын қатар алып жүрген қайсар әйелдер қатарында. Төтенше жағдай бола қалса саптан қалмайды. Тұрақты оқу-жаттығудың, түрлі құтқару оқиғаларының бел ортасында жүретін тәжірибелі маман. Жас мамандарға ақылын айтып, үлгі-өнеге көрсетіп жүрген аға буын өкілі.

Ас үйде бармағынан бал тамған шебер аспаз. Кондитерлік түрлі тәттіні пісіру жас кезінен сүйікті хоббиі. Торт, бәліш, тоқаш, пирогтарды интернеттен көріп, пісіруді әдетке айналдырған. Тәтті-дәмді, жылы-жұмсақ тағамдар бала-шағасының, немересінің, отбасының сүйікті асы. Ақеділ мінезді, кең пейіл жүректі отанасы үйде дастарханды жайнатып отыратын нағыз қонақжай жан.

Ғалия Шарапиева елуді еңсерсе де әлі тың, қимылы ширақ. Жастармен бірге абыройлы еңбек етіп келеді. Құтқару қызметі әрдайым физикалық дайындықты талап ететіні белгілі. Бұл ретте, үйдің де, түздің де тірлігін мінсіз атқарып отырған сан қырлы кейіпкеріміздің әркез айы оңынан тусын дейміз!

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Генерал ескерткішіне гүл шоқтары қойылды
Бүгін, 12:30

Генерал ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Оның өмір жолы – барша қазақстандықтар үшін үлгі
Бұл күні акцияға қатысушылар 200-ден астам ағаш көшеттерін отырғызды
Бишімбаевтың адвокаты журналистердің сұрақтарына жауап берді
Жер дүмпуінен зардап шеккендер мен қираған нысандар жоқ

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →