×

Эксклюзив. Екібастұздағы апат: Кім кінәлі?

Оқиға орнындағы апаттың барлық мәліметтерін анықтадық

Эксклюзив. Екібастұздағы апат: Кім кінәлі?

150 мың тұрғыны бар Екібастұз қаласында 26 қарашадан 27 қарашаға қараған түні жылу тораптарында апат болды, деп хабарлайды qaz365.kz.  Қала ішіндегі жылу желілеріндегі зақымданудан ыстық су толассыз атқылап, қала жылусыз қалды.

30 қараша күні Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұздағы көпқабатты үйлердің барлығына жылу берілгенін хабарлады.

1 желтоқсанда кешкі брифинг кезінде премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр  Мемлекеттік энергия қадағалау комитеті зерттеуінің алдын ала қорытындысы бойынша, жылу желілерінің бұзылуына станция қызметкерінің қателігі себеп болғандығын айтты.

Жарияланған ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көру мақсатында Qaz365.kz тілшісі Дина Әділ оқиға орнына барып, барлық тарапты тыңдап қайтты.

Жолға шығар алдында ekibastuz_info инстаграм парақшасына әлі де жылусыз отырғандарға сұрау салып, хабарлама бердік. Пост жариялағаннан кейін телефон қоңыраулары толастамады (қазіргі сәтке дейін).

Жолда қала белсендісі Қалиасқармен сөйлесіп көрдік. Ол орын алған жағдайға жергілікті билік пен әкімдікті кінәлап отыр:

«Бұл мәселені көктемнен бастап айтып келеміз. Әкімдікке мәселені көтеріп талай бардық. Әкім Скаков бұндай жағдай болмайды деп уәде берген. Енді не болғанын қараңыздар. 93 % жылу берілді деген өтірік. Халықтың көбі жылусыз отыр. Осылай жалғасып жатқанына бес тәулік болды.  Ақшасы барлар Павлодарға қоныс аударып жатыр. Ақшасы жоқтар  қалай күн көреді сонда?»