Qaz365.kz тілшісі министрдің жергілікті тұрғындармен кездесуде айтқан тезистерін назарларыңызға ұсынады
Бүгін жаңадан тағайындалған Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Абай облысының халқымен кездесті. Осыдан бір ай бұрын 60 мың гектардан астам орманы өртеніп, 15 адам қаза тапқан өңірдің жағдайы кімді болмасын алаңдатары анық. Qaz365.kz тілшісі министрдің жергілікті тұрғындармен кездесуде айтқан тезистерін назарларыңызға ұсынады.
Ол өңірдің сейсмикалық қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталып өтті. Мысалы, Семей қаласы және Аягөз, Абай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар, Ақсуат аудандарында 50-ден астам елдімекен жер сілкінісіне бейім көрінеді. Бұл елді мекендерде 450 мыңнан астам адам тұрады.
«Сейсмикалық қауіпсіздік жөніндегі жол картасы шеңберінде Қарауыл және Бестерек ауылдарында сейсмодатчиктер орнатылды. Егжей-тегжейлі сейсмикалық аудандастырудың облыстық картасы әзірленді. Сонымен қатар облыс бойынша 7 сейсмикалық станция жұмыс істейді. Халыққа жер сілкінісі кезіндегі жүріс-тұрыс қағидаларын үйрету үшін жыл сайын сейсмикалық жаттығулар өткізіледі. Биыл 750-ден астам жаттығу өткізілді», – деді Сырым Шәріпханов.
Ол Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа тұрғын үй қорын түгендеу және объектілерді кейіннен сейсмикалық күшейту үшін паспорттау қажеттігі туралы айтты.
Ол сонымен қатар жылыту маусымы алдында өрт қауіпсіздігі бойынша жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар туралы өңір тұрғындарын хабардар етті.
«Алдын-алуға бағытталған жұмыстар әрдайым нәтиже береді. Бірлескен рейдтер жүргізу кезінде халықтың әлеуметтік осал санаты анықталады. Жергілікті атқарушы органдар оларды есепке қояды. Облыс бойынша осы санаттағы 7 мыңнан астам отбасы бар. Оларға көмір сатып алуға, пештерді, жылыту жүйелерін жөндеуге атаулы көмек көрсетіледі және біздің ұсынысымыз бойынша өрт датчиктері орнатылады. Мәселен, өңірде 750-ден астам датчик орнатылған. Алдағы жылыту кезеңінде тағы бір мыңнан астам адам орнатылады», – деді министр.
Биыл республика бойынша 30,5 мыңға жуық үй табиғи газ, көміртегі тотығы және түтін датчиктерімен жабдықталған. Олардың жұмысы Астана қаласында, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қызылорда облыстарында 27 адамның қаза болуына жол бермеді.
Ол өңірдегі сел шығарындыларынан халықты қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталды.
«Облыстың Көкпекті, Үржар және Ақсуат аудандарында 13 сел қауіпті учаске бар. Халықты сел шығарындыларынан қорғау үшін жыл сайын аэровизуалды және жердегі зерттеулер жүргізіледі, қауіпті аймақтарда орналасқан жергілікті тұрғындарға хабарламалар мен ұсынымдар беріледі, қалқандар мен ескерту белгілері орнатылады. Қазір әкімдікпен бірлесіп сел ағынын болдырмау үшін Қызыл-кесік, Науалы және Көкпекті елді мекендерінің маңында қорғаныс бөгеттерін салу бойынша мәселе шешіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Биыл сел шығарындылары тіркелген жоқ», – деді ведомство басшысы.
Жыл басынан бері Абай облысының құтқарушылары үш жүзден астам адамды құтқарған көрінеді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп.
Облыс бойынша оқиғалардың басым бөлігін тұрмыстық және өндірістік өрттер құрайды, бұл шамамен 90%. Сырым Шәріпханов Абай облысының тұрғындарымен кездесу барысында атап өткендей, осы оқиғалардың көбі жылыту кезеңіне тиесілі.
Сонымен қатар, министр өңір тұрғындарын елдегі жедел жағдай туралы хабардар етті. Бірінші жартыжылдықта министрлік төтенше жағдайлар кезінде қаза тапқандардың өсуіне жол бермеді, олардың саны 8,4%-ға азайды.
Бұл ретте республика бойынша 6 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар тіркелген.
Ол аптап ыстық және желдің күшеюіне қарамастан, өңірдегі орман өрттерінің саны 83 пайызға төмендеді деп мәлімдеді.
Сырым Шәріпханов жергілікті тұрғындарға тұрмыста да, табиғатта да өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін айтты. Сондай-ақ ол орман қорын қалпына келтіру үшін ондаған жылдар қажет екенін еске салды.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар министрі өрт қауіпті кезең ерекше бақылауда екенін атап өтті. Өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру бойынша халық арасында профилактика жалғасып жатқан көрінеді.
«Облыс бойынша 200 рейдтік іс-шара жүргізілді, 36 бұзушылық фактісі анықталды, өрттерге жедел ден қою үшін 15 мобильді топ құрылды, оның құрамында 100 дам бар», – деді ведомство басшысы.
Министр үйлерді аралау кезінде азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері үй иелерін жауапқа тартпайтынына, тек бұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар беретініне назар аударды.
Облыс тұрғындарымен кездесуде Сырым Шәріпханов болып жатқан ірі табиғи өрттерді ескере отырып, министрлік жедел ден қою және табиғат қорғау және орман мекемелерімен өзара іс-қимыл жасау тәртібі қайта қаралғанын атап өтті.
Бесқарағай ауданында екі өрт сөндіру бекетінің ашылған екен. Министр жиында өзі хабарлады. Енді 2025 жылға дейін өңірде осындай тағы 14 бекет құру жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Қосымша, өрт сөндіру бөлімшелері жоқ елді мекендерде баламалы тәртіпте 150-ден астам ерікті құралым мен 50-ден астам өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді, олар қажетті техникамен және өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған», – дейді ведомство басшысы.
Министр кездесу барысында жергілікті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жергілікті тұрғындарды жылыту маусымына дейін пештер мен мұржаларды тазалауға шақырамын. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың назарын қазандықтарды жылыту кезеңіне дайындау жөніндегі іс-шараларды аяқтау қажеттігіне аударамын», – деді Сырым Шәріпханов.
Ол жылу беру кезеңінде министрліктің басты міндеті - тұрғын үй секторында өлім-жітімнің өсуіне жол бермеу екенін айтты. Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде тұрғын үй секторында қаза тапқандар саны еліміз бойынша 6% - ға азайған.
Сонымен қатар, Сырым Шәріпханов азаматтардың қаза болуының негізгі себептеріне жеке тоқталды. Бұл отты абайсыз пайдалану, мас күйінде төсекте темекі шегу, электр аспаптары мен пештерді, сондай-ақ газ баллондарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу деп айтты.
Абай облысында 250-ге жуық қауіпті өндірістік кәсіпорын бар көрінеді. Ол кәсіпорын өкілдеріне қауіпті өндірістік нысандардағы апаттылық деңгейі жоғары екенін ескере отырып, уақтылы техникалық қайта жарақтандыруға және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауды басты назарда алуға шақырды.
«Бірінші жартыжылдықта өңірдің өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері 50-ден астам нысанды зерттеді, 250-ден астам бұзушылық анықталды.Осыған қарамастан, жыл басынан бері облыстың бақылауындағы кәсіпорындарда 2 оқиға тіркелді. Бұл «Алим Строй Сервис» мұнара краны секциясының құлауы және ҚазТрансОйл магистральдық мұнай құбырының байланысының бұзылуы», – деді ведомство басшысы.
Ол өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтамау, тозған жабдықтарды пайдалану, оларды уақтылы ауыстыру және жаңғырту, сондай-ақ жұмыскерлерді қанағаттанарлықсыз даярлау өндірістік авариялар мен оқыс оқиғаларға, кейде құрбан болғандарға әкеп соғатынын еске салды.
«Абай облысындағы су айдындарының басым бөлігі шомылу үшін қауіпсіз емес. Абай облысы бойынша тек 8 рұқсат етілген орын анықталды. Оның ішінде 4 коммуналдық жағажай Семей қаласында, Алакөл және Шошқалы көлінде. Әрине, бұл жергілікті тұрғындар мен туристер үшін жеткіліксіз», – деді министр.
Осыған байланысты Сырым Шәріпханов жергілікті атқарушы органдардың назарын шомылу үшін қауіпсіз орындарды ұлғайту, оның ішінде баламалы стационарлық бассейндерді (қаңқалы) қарастыру қажеттігіне аударды.