Министрлік еліміздегі жол жағдайы нашар өңірлерді атады
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі еліміздегі ең нашар және ең жақсы жолдары бар өңірлерді атады, деп хабарлайды qaz365.kz
Биыл еліміздегі 4,6 мың шақырымдай жергілікті автожол жөндеудің барлық түрімен қамтылып, оның 2,6 мың шақырымында тиісті жұмыстар аяқталды. Осы мақсатқа 372 миллиард теңге бөлінген.
"Алдын ала жасалған қорытындыға сүйенсек, жергілікті жолдардың жағдайы Маңғыстау (95 пайыз), Жамбыл (95 пайыз) және Алматы (91 пайыз) облыстарында жақсы. Ал сапасы көңіл көншітпейтіндей жолдар Батыс Қазақстан (39 пайыз), Ақтөбе (66 пайыз) және Атырау (70 пайыз) облыстарына тиесілі", - делінген хабарламада.
"Солтүстік Қазақстан облысындағы Лавровка – Чкалово автомобиль жолының 160-168 шақырымдай аралығын жаңғырту мен Қызылорда облысындағы Әйтеке би - Басықара аудандық маңыздағы көлік жолындағы көпірді жөндеуге байланысты жұмыстар аяқталуға жақын. Сондай-ақ Шымкенттегі шығыс айналма жолында жүргізіліп жатқан құрылыстың 1-кезеңі тәмамдалып қалды", - деді ИИДМ өкілі.