Пәтер боксшының атынан рәсімделмеген
2021 жылы 30 желтоқсанда бокстан әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосыновқа сол кездегі Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласынан су жаңа пәтердің кілтін табыстаған. Бірақ екі жыл өтсе де, пәтер боксшының атынан рәсімделмеген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Түркістан облысының әкс- әкімі Өмірзақ Естайұлы (Шөкеев – ред.) бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа пәтер кілтін табыстаған болатын. Пәтер «Сырдария» тұрғын үй кешенінде орналасқан еді. Бірақ бұның бәрі өтірік болып шықты. Ол үйді Сәкеннің атына әлі аудармаған. Берілген баспана – арендалық үй. Қашан үйді табыстайсыздар? Әлде барлық жерде осылай дүркіретіп беріп, көзбояушылыққа өттіңіздер ме? Қанат аға, өтініш, тез реттеп берсеңіз. Әйтпесе басқа да дүниелердің арты ашылады. Ақша жинауға байланысты. Үйді берсеңіздер, мен де тынышпын. Бермесеңіздер, «Ақордаға шығуға мәжбүрміз», – деп жазды жергілікті блогер Олжас Мамыр.
Ол облыстың қазіргі әкімі Дархан Сатыбалдыға өз өтінішін айтқан.
Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасында аталған ақпаратқа қатысты жауап берді.
«Сіздер дұрыс жағынан түсініңіздер. Бұл пәтер жалдамалы негізде берілген. Алайда демеушілер тарапынан мәселені шешу үшін жұмыстар жүріп жатыр. Пәтер Сәкен Бибосыновтың меншігінде беріледі», – делінген хабарламада.