Депутаттың ұлы жазасын енді колонияда өтейтін болды.
Бүгін Алматыда мәжілісмен Дәулет Тұрлыхановтың ұлының ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алматы қаласының №2 Медеу аудандық сотында Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат бойынша іс қаралды. Сотта Қуандық Бишімбаевты қорғаған танымал адвокат Назкен Құсайынова бұл жолы Нұрасыл Болаттың мүддесін қорғаған. Ол кеше Н.Болатты колонияға жібермеуді өтінген.
Алайда бүгін сот шешімімен Нұрасыл Болат қалған 1 жыл 5 ай 10 күнін қауіпсіздігі орташа колонияда өткізетін болды.
Бұған дейін сот талқылауы барысында Медеу ауданының пробация қызметінің өкілі 21 жастағы Нұрасыл Болат пробациялық бақылауды бірнеше рет бұзғанын хабарлаған болатын. 2024 жылдың мамыр айында Нұрасыл Болат адвокат Олег Черновты және оның әйелі Аннаны ұрғаны үшін екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын алған. Нұрасыл Болат Алматының пробация қызметінде есепте тұр. Бұл сотталған адам түнде ешқайда шықпау керек дегенді білдіреді.
Сотқа дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов пробациялық тәртіпті бұзып, тойда көрінген ұлы Нұрасыл Болатты қорғап сөйлеген еді. Депутат баланың артынан аңду бар деп күдіктенеді. Отставкасы туралы сұрақты өз сайлаушылары шешетінін мәлімдеді. Өз жұмысына жоғары баға берді.