×

Инаугурациядағы жағдай: Ердоған Тоқаевқа өкпелі ме

Мұның жауабын мәжілісмен Самат Нұртаза айтты

Инаугурациядағы жағдай: Ердоған Тоқаевқа өкпелі ме
Ақорда

Түркия көшбасшысының ұлықтау рәсімінде Тоқаевтың Ердоғаннан оқшау отыруы Тұран одағының төңірегіне топтасқан қазақтардың ұнжырғасын түсіріп жіберді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі DALA INSIDE Telegram арнасына сілтеме жасап.

Ердоған сол қапталына Мирзияевті, оң жағына Әлиевті отырғызғаны белгілі. Жаңа Қазақстанның лидері бұл үштіктен шеткерірек орналасты.

Қазақтілді ортаға оғаш көрінген осы көрініс түрлі пыш-пыш әңгімеге түрткі болды. 

Ердоған Тоқаевқа неге өкпелі? Кім кімді ренжітті? Сенім мен сыйластыққа не себепті сызат түсті? Тұран одағының болашағы бұлыңғыр тартты ма?..

Мұның жауабын мәжілісмен Самат Нұртаза айтты.

«Мұны дипломатиялық мінез көрсету дейді. Яғни, өкпе-ренішті білдіру ғана. Мәселе Солтүстік Кипрден шыққан болуы керек. Ол арасы сол сәтке куә адамдарға анық аңғарылған сияқты...», –  дейді депутат.

Ұлықтау рәсімінде Ердоған Әзірбайжан, Өзбекстан және Солтүстік Кипр басшыларын алдымен атады. Төртінші кезекте ғана Тоқаевқа тоқталды. Неге?..

«Себебі Түркияның желкесінде тұрған, бауырлас Солтүстік Кипр мемлекетін Қазақстан мойындамады. Тоқаев: «Бұл - БҰҰ жарғысына қайшы» деп тікесінен айтты. Ердоған соған бұртиған болар.

Әлбетте, ешкіммен қабақ шытпай, сыйластықта өмір сүрген жақсы. Бірақ, кез келген жағдайда Қазақстан мүддесі бірінші орында тұруы тиіс.

Егер біз Солтүстік Кипрді мойындасақ, оның арғы жағында «бізді де мойында» деп Қырым, Луганскі мен Донецк, Косово мен Тайвань тулап шығады. Президенттің Петербордағы: «Косованы да, Қырымды да мойындамаймыз» деп меңзеген сөзі Солтүстік Кипрға қатысты өз жалғасын тапты», –  дейді Нұртаза.

Депутат дәл тапқан диагноздың бірі: Түркия Қазақстанның проблемасын терең түсіне алмайды дегенге саяды.

«Түркия біз секілді Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатқан жоқ. Біздегі өмір өлшемі бөлек, жер аумағымыз үлкен. Тоқаевтың тұсында қандай жағдайда болмасын өз мүддемізді алға қоятын психология қалыптастырып жатырмыз.

Бейжің көсемі елге келгенде «Қазақстанның аумақтық тұтастығын қолдаймыз» дей келе, өзіне қатысты тура осындай қарым-қатынасты талап ететінін меңзеген еді. Бұл арадағы жағдай да соған ұқсас. Солтүстік Кипрді мойындап, басымызға бәле тілеп алар жайымыз жоқ. Қазақстанда сепаратизмге жол жоқ!

Кез келген мемлекеттің территориялық тұтастығын мойындаймыз, сыйлаймыз, қолдаймыз әрі осындай қарым-қатынасты өзімізге қатысты да талап етеміз. Тоқаевтың ұстанымы осындай», –  дейді депутат.

Мәжілісмен Тұран одағы төңірегіндегі әңгімелерді иллюзияға балап отыр. Оның әскери ұйымға айналуы екіталай.

«Геосаяси ахуалға шынайы көзбен қарау керекпіз. Түркияның тұрған жері бір басқа, біздің орналасу ерекшелігіміз бір басқа. Анкараның өзі НАТО-ға мүше. Одақ құрылған күнде ЕАЭО секілді экономикалық-мәдени-рухани байланыстарға негізделеді деп ойлаймын», –  дейді депутат Нұртаза.

Айта кетелік, түрік көсемі бұған дейін Украинаның Донецкі мен Луганскі облыстарын тәуелсіз деп таныған Кремльдің шешімін сынға алған еді.
 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Бағдат Мусиннің орнына жаңа министр тағайындалды
Кеше, 16:14

Бағдат Мусиннің орнына жаңа министр тағайындалды

Президент тиісті жарлыққа қол қойды
Ол бұл қызметті төрт жылға жуық атқарды
Көлік құралдарына салынатын салық ставкалары төмендетілуі мүмкін
Тиісті бұйрық Ақорда сайтында жарияланды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →