×

«МӘМС-ті тоқтату керек»: Министрлік пен сақтандыру қоры Зайытовтың талабына жауап берді

Ринат Зайытов МӘМС-тің кесірінен бір әйел егіз баласынан айырылып қалғанын айтқан болатын

«МӘМС-ті тоқтату керек»: Министрлік пен сақтандыру қоры Зайытовтың талабына жауап берді
Qaz365.kz коллажы

Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиев пен Медициналық сақтандыру қоры басшысының орынбасары Ілияс Мұхамеджан «адам өліп жатыр» деп дабыл қағып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын жабуды талап еткен Ринат Зайытовқа жауап берді, деп хабарлайды  Qaz365.kz. 


«МӘМС-ті тоқтатуға келер болсақ, жалпы 2,5 трлн теңгенің 1 трлн теңгесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің көзінен алынған қаражат. Егер осы қаражаттың 400 млрд теңгесі мемлекеттік қаржыландыру болса, қалған 600 млрд теңгесі жұмыс істейтін азаматтардың, жұмыс берушілердің жарналары. Егер тоқтатсақ, онда 600 млрд теңгеге медициналық қызметтің тізімін немесе көлемін азайтуымыз қажет», - деді Тимур Сұлтанғазиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.


Ал «Медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, жедел жәрдем көмегі – мемлекет берген кепілдік шеңберінде көрсетіледі. 


«Оның ешқандай сақтандыру жүйесіне қатысы жоқ. Сондықтан, сіздерге ондай талап қойған қызметкерлер заңбұзушылықпен айналысып жүр. Сіздер бізге хабарлассаңыздар, осындай факттар анықталатын болса, онда біз сіздердің заңды құқықтарыңызды қорғауға дайынбыз», - дейді Ілияс Мұхамеджан.


Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Ринат Зайытов МӘМС-тің кесірінен бір әйел егіз баласынан айырылып қалғанын айтқан болатын. Ринат Зайытовтың МӘМС қызметін уақытша тоқтату туралы ұсынысы қоғамда қызу пікірталас туғызған. Оның сөзінше, ауылды елдімекенде «МӘМС-те жоқсың» деп, азаматтарға медициналық қызмет көрсетілмей жатқан көрінеді.


«Бұл мәселені көтеруіме аудандағы улану фактісінің тіркелуі себеп болды. Кейін пікірлерді отырсам, осы МӘМС-тің кесірінен егіз баламнан айырылып қалдым деп жазған. Өйткені жедел-жәрдем келмейді, ауруханаға қабылдамайды. Өйткені мндетті медициналық сақтандыру дұрыс жұмыс істемейді. Бұл мәселе біздің Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің күн тәртібінде тұр. Маған дейін комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов те көтерген», - дейді депутат.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →