×

2023 жылдағы жемқорлық істері

Назарларыңызға 2023 жылы қоғамда қызу талқыланған жемқорлық фактілерін ұсынамыз 

2023 жылдағы жемқорлық істері
Qaz365.kz коллажы

Қазақстан тәуелсіздік алғалы жемқорлықпен күресіп келеді. Бірақ одан жағдайдың жақсарып жатқанын көріп тұрған жоқпыз. Күрес қанша күшейсе де, Қазақстан жемқорлық жайлаған елдердің рейтингісінен түскен емес. Елімізде пара беру, тіпті, балабақша мен мектепте де асқынып тұрғаны жасырын емес.  2023 жылы да елімізде жемқорлықпен күрес күшейіп, талай лауазымды тұлға темір тордың ар жағына кетсе, жазалы қанша адам алған парасын еселеп қайтаруға міндетті болды, деп жазады Qaz365.kz.

Жемқорлық бойынша сотталған министрлер

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қарашада 10 айдың статистикасын жариялады. Осы уақыт аралығында 2 министр, 2 вице-министр, 15 ауылдан облыстық деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарлары сотты болған. Сонымен қатар 169 әртүрлі деңгейдегі басшы бар.

Екі министр деп отырғаны Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Елжан Біртанов. Ал вице-министрлерден Біртановтың орынбасары болған Олжас Әбішев пен бұрынғы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов бар.

Ал қарашада бұл тізімге бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев қосылды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны 2018 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың шілдесі аралығында  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүддесін қорғағаны үшін  жалпы сомасы 115 мың доллар және делдал арқылы 8 миллион 150 мың теңге пара алды деп соттады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді кадрларының бірі болған, бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев та «қызметтерді көрсетуге келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдады» деген күдікпен қамауға алынды.

Есепші жымқырған 2 миллиард

Биыл сәуір айында Талдықорған қалалық білім бөлімінің есепшісі 2 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінген болатын. Бас есепшімен бірге оның орынбасары және бірнеше қызметкер қамауға алынды. Олар бірнеше жылдан бері білім саласында жұмыс істемейтін адамдарға ақша аударып жүрген.

Есепшіні ұстаған кезде 1 миллиард теңге тәркіленді. Оның біразы шетел валютасына ауыстырылған. Сондай-ақ тұрғылықты жерінен 14 пәтер, 7 коммерциялық нысанның және Лэнд Крузер 200 маркалы көліктің құжаттары табылды. Зергерлік бұйымдар да шықты. 

48 жастағы әйел шетелге қашып кетпекші болған. Бірақ тәртіп сақшылары оны ұстап үлгерді.

Бас есепшінің бастығы да ұсталды

Есепшіден кейін оның бастығы да ұсталды. Жетісу облыстық  антикоррупциялық қызмет Талдықорған қаласы білім бөлімінің басшысына қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ол бюджет қаражатын ұрлау фактілерін жасырғаны үшін қарамағындағылардан 280 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінген. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Илон Маскке хат жазған экс-әкімнің 10 жыл бұрынғы қылмысы анықталды

Ел есінде Илон Маскке Түркістаннан зауыт салу туралы ұсыныс жасаған Түркістанның экс-әкімі Рашид Аюпов 10 жыл бұрынғы ісі үшін 10 жылға сотталды.

2013 жылы ол Премьер-министр кеңсесінің қызметкері болып жүріп, жекеменшік компанияның иесін жауапты лауазымды тұлғаларға аса ірі сомада пара беруге көндірген. Осы үшін құрылыс бойынша тендерді жеңіп әперемін деп уәде берген. Талап етілген соманы алып, өзі де ортақтасқан. Ақшаның бір бөлігіне өзіне Астана қаласынан жаңа үй, қымбат автокөлік және бірнеше жүк техникасын сатып алған деген айып тағылды.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оған 10 жыл бас бостандығынан айыру туралы жаза кесті.

Әйтеновтің орынбасары  200 мың доллар пара алмақ болған

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болған Мақсұт Исахов биыл жазда қамауға алынды. 49 жастағы шенеунікті Ұлттық қауіпсіздік қызметі ұстады. Ол 200 мың доллар көлемінде пара алған деген күдікке ілінді.

Жақында шымкенттік блогер-заңгер Айгүл Орынбек Исаховтың жергілікті кәсіпкерлердің бірінен тендер үшін 187 миллион теңге пара сұраған аудиожазбасын жариялады.

Басқарма басшыларының ұсталуы

Биыл Алматы облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекова бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінді.

Ал Шымкент қалалық қылмыстық сотында Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев кәсіпкерден 13 миллион теңге көлемінде пара алды деп айып тағылған. Бірақ 5 айлық тергеуден кейін ол ақталып шықты.

Шөкеевтің «Шаға» жағажайы

Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысын басқарып тұрғанда «Шаға» туристік жағажайы ашылады. Сол кезде ақпарат құралдарында оның жалпы ауданы 81 гектар, суының сыйымдылығы 2 жарым миллион текше метр, жағажай салуға 6 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалғаны айтылған еді. Ал жуырда «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов жағажайға 9 миллиард жұмсалғанын, миллиардтаған сома суға сіңгенін хабарлады.

Заңгер құрылысына қыруар қаржы жұмсалған орынға туристер тұрмақ қала тұрғындарының өздері де келмейтінін айтады. Смағұлов парақшасына жағажайдың қазіргі кейпі көрінген суреттерді жүктеген. Ол жерді «қараусыз қалған су қоймасы» емес, Түркістандағы туризм саласын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі кешені деп көрсеткен.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды: «Жоба бойынша тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Оны тиісті құзырлы органдарға жібереміз», – деп айтты.

Әрине, дәл қазір соттың шешімінсіз бұл жерде жемқорлық бар-жоғын нақты айта алмаймыз. Бірақ біраз былыққа батқан жоба екенін Дидар Смағұлов нақты деректермен дәлелдеп берді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →