×

2024 жылы қандай төлемдер өседі? Бізді не күтіп тұр

Қазақстанда  2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық азаматтары үшін маңызды базалық көрсеткіштер өзгереді

2024 жылы қандай төлемдер өседі? Бізді не күтіп тұр
Көрнекі сурет

Қазақстанда  2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық азаматтары үшін маңызды базалық көрсеткіштер өзгереді. Сонымен қатар, 2024 жылы қазақстандықтардың жеке қаржысына әсер ететін көптеген әлеуметтік жаңалықтар болады, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Зейнетақы мөлшері көтеріледі

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 60 %-дан 65 %-ға дейін ұлғайтылатын болады. Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері 57 853 теңге болмақ.

Жәрдемақыдағы жаңалық

Сонымен қатар 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар да өседі. 1, 2, 3 баланың тууына берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, ал 4 және одан да көп бала тууына берілетін жәрдемақы 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін ұлғаяды. Ал көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін ұлғаяды;

Мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы:

I топ – 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін;

II топ – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін;

III топ – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін көтеріледі.

Одан бөлек, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер 7%-ға ұлғайтылады.

Ең төменгі жалақы мен АЕК көлемі


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды. Заңға сәйкес 2024 жылдың айлық есептік көрсеткіші, ең төменгі жалақы мөлшері мен зейнетақының ең төменгі мөлшері бекітілді.

Ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады, яғни 15 мың теңгеге өседі. Бұл жұмыс берушілер жұмысшыларға ең төменгі жалақыдан төмен емес деңгейде жалақы беруге міндетті дегенді білдіреді. Айлық есептік көрсеткіш 3692 теңге, яғни 242 теңгеге өседі. 

Бұл елімізде зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер мөлшері өседі деген сөз. Сонымен қатар айыппұлдар, салықтар және басқа да төлемдер, сондай-ақ бірлескен қызмет туралы келісімдер бойынша есеп айырысулар да өседі.

Жұмыс берушілер қызметкерлеріне өз есебінен зейнетақы жарнасын аударады

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмысшылар үшін қосымша міндетті зейнетақы жарналарын аударады. 

Алғашқы жылы зейнетақы жарнасының мөлшері жалақының 1,5 пайызын қамтыса, 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен 5 пайызға дейін көтеріледі.

2024 жылы – 1,5%;

2025 жылы – 2,5%;

2026 жылы – 3,5%;

2027 жылы – 4,5%;

2028 жылы – 5,0%.

Осылайша, жұмысшылардың зейнетақы шотына қосымша жарналар түсіп тұрады. Азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің ортақ жауапкершілігі болады.

МӘМС жарналары мен аударымдары бойынша ставкалар өзгеріссіз қалады. Бірақ базалық есептік көрсеткіштің – ең төменгі жалақының (ЕТЖ) – жаңа мөлшерлерінің бекітілуіне байланысты төлем сомалары өзгереді.

 

Жұмыс берушілер

Жұмыс берушілер МӘМС-ке қызметкері үшін жалақының 3%-ын аударады. Бірақ салық салынатын ай сайынғы табыс 10 ең төменгі жалақыдан (2024 жылы 850 000 теңге) аспауға тиіс. Яғни жұмыс берушінің аударатын ең жоғары сомасы айына 25 500 теңгені құрайды.

Айта кетерлігі, бұл ақша қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, оны жұмыс беруші кәсіпорын есебінен төлейді.

Жалдамалы қызметкерлер

Жалдамалы қызметкерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт негізінде қызмет көрсететін жұмысшылар міндетті медициналық сақтандыруға ай сайынғы табысының 2% мөлшерінде жарна төлейді.

Бұл ретте жарнаның ең жоғары сомасы 17 мың теңгеден аспайды.

Жеке кәсіпкерлер

Жеке кәсіпкерлер 1,4 еселенген ең төменгі жалақының 5%-ын аударады.

2024 жылы оның мөлшері – 5 950 теңге.

Егер жеке кәсіпкер есептілікті «нөлмен» тапсырса, бірақ өз қызметін ресми түрде тоқтатпаса, онда ол Салық кодексіне сәйкес жарна төлеуді жалғастыра беруі керек. Әйтпесе, қарыз пайда болады.

Бірыңғай төлемді жеңілдетілген декларация және ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнестің заңды тұлғалары пайдаланады.

2024 жылы бірыңғай төлемнің ставкасы еңбекақы төлеу қорының 21,5%-ын құрайды.

2024 жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем болмайды. Сол себепті өзін-өзі жұмыспен қамтығандар МӘМС-ке мына жолдармен жарна аудара алады:

жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жарна төлеу;

жарналарды дербес төлеуші ретінде төлеу.

Дербес төлеушілер үшін жарна мөлшері ең төменгі жалақының 5%-ын құрайды. Яғни жаңа жылдан бастап олар 4 250 теңге төлейді.

15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін МӘМС жарналарын мемлекет аударады. 2024 жылы мемлекеттің бір адамға төлейтін жарнасы айына – 5852,63 теңге.

Сондай-ақ 2024 жылға арналған республикалық бюджетте Үкімет мұнай бағасын бір баррель үшін 80 доллар, ал доллар құнын 460 теңге деп белгілегенін атап өтеміз.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында
Мерекелік шаралар қаланың барлық аудандарында өтті
Іс-шараны Ресей Федерациясы қаржыландырады

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →