Фильмнің Бас продюсері сұхбат берді
«Оян, қазақ!» фильмі прокаттан 1 млрд теңгеге жуық қаражат тапты. Бұл туралы Qarakoz подкастына сұхбат берген фильмнің Бас продюсері Айсәуле Әбілда мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Толық құқық "Қазақстан" Ұлттық телеарнасына тиесілі. Біз орындаушымыз. Телехикаяны да солардың тапсырысымен түсіріп бердік. Одан кейін қысқартқан кезде қайтадан бізге тапсырыс берді. Мұрат өзі отырып, қайта монтаждады», – дейді Айсәуле.
«Прокаттан түскен ақшадан алдыңыздар ма?» деген журналист сауалына да жауап берді.
«Жоқ, біз ала алмаймыз. Келісіміміз солай. Монтаж кезінде бізге қаражат бөлді. Сол ақшаны монтажға жараттық. Кинотеатрға бөлек қой. Бояйтын адам жалдадық, дыбысын жасаттық. Соған жаратып қойдық қаламақы ретінде. Прокаттан түскен ақша Ұлттық арнаға барды», – деді фильм продюсері.
Сондай-ақ ол «Оян, қазақ!» фильмінің прокатынан қанша қаражат түскенін айтты.
«Жобамен 1 миллиардқа жуық қаржы түсті деп естідік. Бірақ, бұл ресми ақпарат емес. Ресми ақпаратты кинотеатр немесе Ұлттық арна хабарлауы керек. Кинотеатрдың өз чаттары бар ғой. Сол жерде отырған бір танысымыз «1 миллиардқа жуық тапты» деп айтты, – дейді Айсәуле Әбілда.
Еске салсақ, 2023 жылы қыркүйекте «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі кинотеатрларға шықты. Фильмде Алаш арысы Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабын жазу, басу, тарату кезі, түрмеге қамалған тұста басына түскен қиын сәттері, қызы Гүлнардың әкесін ақтау жолындағы күресі көрсетіледі. Басты рөлді актер Бақыт Қажыбаев сомдайды. Екі апта прокаттан кейін тоқтап қалған фильм көпшіліктің сұрауымен тағы екі аптаға ұзартылды. Туынды ел аумағында үлкен дүмпу туғызды. Жастар әлеуметтік желілерде «Оян, қазақ!» деп жаппай флешмоб ұйымдастырса, орыстілді қазақтар тарихта болған опасыздық пен Совет өкіметінің солақай саясатын сынап посттар жазды. Деколонизация тұрғысынан аталған фильм қоғамда үлкен жұмыс атқарды деуге болады.