Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында төрт бірдей қазақ боксшысы жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алдымен, ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов ширек финалда франциялық Макан Траоренің осал тұсын тапты. Отандасымыз 71 келіге дейін салмақта жұдырықтасты.
Кездесу барысында Франция боксшысы екі рет нокдаунға түсті.
Одан кейін 80 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жатқан Нұрбек Оралбай да қарсыласынан басым түсті. Нұрбек ширек финалда Азия чемпионатының жеңімпазы, Йордания боксшысы Хуссейн Эйшаиш Иашайшпен жұдырықтасты. Тартыста өткен жекпе-жекте төрешілер Оралбайдың жеңісін мойындады.
Сонымен қатар жас боксшы Санжар Тәшкенбай да үшінші болып, жартылай финалға шықты. Ол – Азия чемпионы, Жапония боксшысы Кадзума Аратакені жекпе-жекте нокдаунға түсіріп, жеңіске жетті. Есеп төрешілердің шешімімен – 5:0 болды.
Жартылай финалдың төрртінші жолдамасы Махмұд Сабырханға (54 келі) тиесілі. Шымкенттің боксшысы ганалық Мохаммедо Амадудың осал тұсын оңай тапты.
Енді алда екі жекпе-жек бар. Атап айтсақ, Дулат Бекбауов (67 келі) мексикалық Мигел Анхел Мартинеспен қолғап түйістіреді. Алыптар айқасында Қамшыбек Қоңқабаев (92 келі) өзбекстандық Баходир Жалоловпен кездеседі.
Өкінішке қарай, 57 келідегі Серік Теміржанов кубалық боксшыға есе жіберді.