Банкет қажет пе? Ирина Смирнова мектеп бітіру кештеріне қатысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Оқу-ағарту министрлігінің банкеттер мен даңғаза жиындарды өткізуге болмайтыны туралы мәлімдемесі қызу талқыланып жатыр

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мектеп бітіру кештері мен банкеттер төңірегіндегі пікірталасқа қатысты ойын айтты. Оның айтуынша, мектеп мұндай шараларды ұйымдастырушы болмауы тиіс, ал бітіру рәсімін барынша қарапайым әрі қауіпсіз форматта өткізген жөн, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ата-аналар мен әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі аттестат алғаннан кейін түлектер енді мектеп оқушысы саналмайды, сондықтан мерекені қалай атап өтуді отбасы өзі шешуі керек деп санайды.

Ирина Смирнова, бұрын мектеп директоры болған, бітіру кешін банкетпен байланыстыруға әрдайым қарсы болғанын айтты.

«Мен мектеп директоры болып жүргенде-ақ осындай банкеттерді тоқтату керек деп ойлайтынмын. Мектепте біз банкет өткізуді емес, мүлде басқа маңызды дүниелерді үйретеміз», – деді депутат.

Оның сөзінше, мектеппен қоштасу рәсімі мектеп аясында өтіп, түнгі серуендер мен мейрамханадағы отырыстарсыз ұйымдастырылуы керек.

«Мектепті аяқтауды мектептің өзіндегі қарапайым кешпен өткізген дұрыс деп санаймын. Мүмкін, күндіз ұйымдастырған жөн, өйткені түнде біз ештеңе үйретпейміз. Бұл – ата-ана баласының жанында болатын уақыт. Қоштасу кешін өткізіп, ресми жиын жасап, құжаттарды тапсырып, одан кейін әркім өз жолымен кетеді», – деді Смирнова.

Депутат сондай-ақ барлық түлектердің банкетке қатысқысы келе бермейтінін, бұл таңдауды да құрметтеу қажет екенін айтты.

«Барлығы бірдей мейрамханаға барып, атап өтпейді. Қазір кейбір жастар мүлде барғысы келмейді, ондай шараларға қызықпайды. Олар қажет емес деп есептейді. Бұл – олардың таңдауы», – деді ол.

Сонымен қатар, егер түлектердің бір бөлігі мектептен тыс жерде атап өтуді ұйғарса, онда кәмелет жасына толмағандар үшін жауапкершілік ата-аналардың мойнында болатынын еске салды.

«Егер біреулер сыртта атап өтсе, 18 жасқа дейінгі балалар үшін жауапкершілік ата-анасына жүктеледі. Сол кеште мектеп балаларға жауап бермейді. Таңертең аттестат берілді, сонымен бітті. Сонда мектеп директорлары олар үшін әрі қарай да жауап беруі керек пе?» – деді депутат.

Депутат жауапкершілік мәселесіне де тоқталды.

«Мұның бәрі кінәлі болып қалмау үшін жасалады. Бірақ қазір заңда да мектеп сабақтан тыс уақытта, тіпті оқу жылы кезінде де мектептен тыс жүрген оқушыларға жауап бермейтіні көрсетілмек. Ал адам оқуын аяқтап, құжатын алса, бұл оның өз таңдауы мен өз жауапкершілігі», – деп түйіндеді Ирина Смирнова.

Еске сала кетсек, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімнің балаға тек сабақ үстінде, мектеп қабырғасында болған кезде ғана жауап беретінін айтқан еді. Ол мұғалімдерге басы артық жұмыс бергендерге айыппұл салуды ұсынды.