«Болашақ» шәкіртақысы қашан және қаншаға өседі?

Qaz365.kz редакциясы
Freepik

Қазақстанда «Болашақ» стипендиясының көлемін арттыру үшін бөлінетін гранттар санын қысқарту жоспарлануда. Бұл туралы Халықаралық бағдарламалар орталығы басқарма төрағасының орынбасары Абай Рахмет үкіметте өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, бағдарлама аясындағы шәкіртақы көлемі инфляцияға қарамастан соңғы 15 жыл бойы өзгермеген. Қазіргі уақытта стипендия мөлшері ел мен қалаға байланысты ерекшеленеді. Мәселен, Нью-Йорктегі стипендиаттар айына 2200 доллар (шамамен 1 млн теңге) алса, өзге штаттарда бұл сома төменірек. Ведомство стипендияны орта есеппен 10-15%-ға арттыруды көздеп отыр, ал түпкілікті шешім 2027 жылға қарай қабылданбақ.

«Мәселе былай қойылып отыр: нұсқалардың бірі ретінде стипендия санын қысқартып, үнемделген қаражатты ай сайынғы төлемдерді көбейтуге жұмсау қарастырылуда», – деп түсіндірді Абай Рахмет.

Қазіргі уақытта барлық елдер мен қалалар бойынша шығындарға жан-жақты талдау жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата «Болашақ» бағдарламасы бойынша іріктеу ережелеріне сай келмейтін 340 үміткерге 7,7 млрд теңге сомасында стипендия заңсыз тағайындалғанын әшкерелеген болатын. Жаңа реформалар бағдарламаның тиімділігін арттыруға бағытталмақ.