Ең арзан бензин қай қалада: мегаполистерде айтарлықтай айырмашылық байқалады

Qaz365.kz редакциясы
tatnp.ru

20 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанның бөлшек сауда нарығында жанар-жағармай материалдарының (ЖЖМ) бағасы аймақтар арасында айтарлықтай алшақтап тұр, деп хабарлайды Qaz365.kz Kazenergy қауымдастығына сілтеме жасап.

Ең төменгі баға дәлізі Шымкент қаласында тіркелсе, Астана мен Алматыда бензин мен автогаз құны қымбатырақ болып отыр.

Мәліметтерге сәйкес, АИ-92 бензинінің литрі Шымкентте 221–226 теңге болса, Астана мен Алматыда 240 теңгеге дейін жетеді. Осылайша, үшінші мегаполис пен қалған екі қала арасындағы айырмашылық 12–19 теңгені құрап отыр. АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиндер де Шымкентте айтарлықтай арзан. Атап айтқанда, ең қымбат АИ-98 маркасы Алматыда 375 теңгеге дейін сатылуда.

Дизель отыны үш қалада да салыстырмалы түрде біркелкі бағамен (325–336 теңге аралығында) саудалануда. Ал автогаз бағасы Астана мен Алматыда 112 теңгені құраса, Шымкентте 102 теңгеден сатылып жатыр. Бұл мегаполистер арасындағы автогаз бағасының айырмашылығы 10 теңге екенін көрсетеді.

Kazenergy сарапшылары жанармай бағасының қазіргі бағыты "басқарылатын" модель шеңберінде қалып отырғанын атап өтті. Мораторийдің жоқтығына қарамастан, бағалардың күрт секірісі байқалмайды және барлық көрсеткіштер белгіленген дәліз шегінде сақталып тұр.