Дәріханаларда тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектердің заңсыз сатылғаны анықталды

Qaz365.kz редакциясы
Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанның жекеменшік дәріханаларында кепілдендірілген тегін медициналық көмек (КТМК) шеңберіне жататын препараттардың заңсыз сатылғаны әшкере болды. Мұны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі таңбалау жүйесі арқылы жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ведомство мамандары 2024 жылдың 1 шілдесінен бері дәрі-дәрмек айналымын талдап, республика бойынша 4114 препараттың заңсыз саудаланғанын анықтады. Олардың қатарында натрий хлориді мен глюкоза ерітінділері, антибиотиктер және созылмалы ауруларды емдеуге арналған маңызды препараттар бар. Тексеріс қорытындысы бойынша 31 ұйымға 12,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, тағы 43 компанияға заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

Цифрлық экономиканы дамыту орталығының мәліметінше, таңбалау кодтарын пайдалануда жүйелі заң бұзушылықтар тіркелген. Атап айтқанда, кодтарды қайтадан айналымнан шығарудың 35 мыңнан астам жағдайы және бір кодты бірнеше қатысушының қолдануының 480 мыңнан астам фактісі анықталды. Бұл медициналық ұйымдар арқылы берілген дәрілердің кейіннен дәріхана желілеріне қайта түскенін дәлелдейді.

Денсаулық сақтау министрлігі жиналған материалдарды Қаржылық мониторинг агенттігіне және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне жолдады. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша қосымша тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.