Анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша құқықтық шаралар қабылданады
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлау науқанында үгіт жұмыстарына рұқсат берілмей жатып, насихатпен айналысқандар жауапқа тартылды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысына қатысқан Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бүгінгі таңда сайлау бойынша қоғамдық пікірге сауалнама жүргізудің, сондай-ақ сайлау алдындағы үгітті жүргізудің белгіленген тәртібі мен шарттарын сақтамаумен ұштасқан бірқатар заң бұзушылықтар тіркелді. Олардың біреуі елордада болған. Кінәлі адамға Астана қаласы Сарыарқа ауданы прокурорының қаулысымен қысқартылған іс жүргізу тәртібінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 120-бабы 3-бөлігі бойынша 7,5 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», – деді Жандос Өмірәлиев.
Бұған қоса, кандидаттар мен партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғанға дейін үгіт жүргізген 5 заң бұзушылық фактісі анықталғанын атап өтті.
«Біреуі бойынша Талдықорған қаласының тұрғыны WhatsApp мессенджерінде үгіт жүргізгені үшін сот қаулысымен айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды. Қалғандары бойынша кінәлілерді осы баппен жауапқа тарту жөніндегі шаралар қабылданып жатыр», – деп тоқталды Бас прокурордың орынбасары.
Ол анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша тиісті заңнамада көзделген құқықтық шаралар қабылданатынын ескертті.