Ақмола облысы елдің аграрлық көшбасшысы ретіндегі мәртебесін нығайтуда

Qaz365.kz редакциясы

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір алғаш рет 1,2 трлн теңге көлеміндегі нәтижеге қол жеткізіп, тарихи көрсеткішке жетті

Ақмола облысы 2026 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 1,3 трлн теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы агроөнеркәсіп кешенінің 650-ден астам өкілі қатысқан облыстық аграрлық кеңесте белгілі болды.

Облыс әкімі М. Ахметжановтың айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір алғаш рет 1,2 трлн теңге көлеміндегі нәтижеге қол жеткізіп, тарихи көрсеткішке жетті.

«Мемлекет басшысы аграрлық секторды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Біздің міндет — қол жеткізілген нәтижелерді сақтап қана қоймай, заманауи технологияларды енгізу және өндіріс тиімділігін арттыру арқылы одан әрі өсімді қамтамасыз ету», — деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, биыл егіс алқабының көлемі 5,6 млн гектарды құрайды. Сонымен қатар әртараптандыруға ерекше назар аударылады: майлы дақылдардың егіс көлемі 600 мың гектарға дейін ұлғайып, мал шаруашылығын дамыту үшін жем-шөп базасы күшейтіледі.

Күрделі ауа райы жағдайында ғылыми сүйемелдеудің маңызы артып отыр. А. И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы мамандарының ұсынымдары тәуекелдерді азайтып, агротехнологиялардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

2026 жылы өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 85,5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бүгінде оның 56,6 млрд теңгесі игерілді. Мамыр айына дейін өткен жылдардағы субсидиялар бойынша берешекті толық өтеу жоспарланып отыр.

Қосымша қолдау құралы ретінде «Кең Дала 2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске асырылуда. Оның аясында аграршылар жылдық 5% мөлшерлемемен қаржыландыруға қол жеткізуде.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі А. Сұлтановтың мәліметінше, субсидиялаудың жаңа тетіктерін енгізу бюджет қаражатының тиімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамтуды кеңейтуге мүмкіндік берген.

Егіс науқаны барысында шамамен 37 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Көкшетау қаласында AGROKOKSHETAU 2026 мамандандырылған аграрлық көрмесі өтіп, онда агротехнология саласындағы заманауи шешімдер таныстырылды.