Тоқаев қазақ тілін қолдау қорына 7 миллион теңге аударды

Qaz365.kz редакциясы

Бұл туралы халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжехан мәлімдеді

gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді қолдауға арналған QAZAQ TILI Endowment Qory эндаумент қорына алғашқы болып жеке жарна аударды. Бұл туралы халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжехан мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ұйым басшысының айтуынша, Президент жеке қаражатынан 7 миллион теңге аударған.

"Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ана тілімізге деген адал азаматтық ұстанымы, көрсеткен зор құрметі, жеке үлгісі үшін алғыс білдіреміз!" – деп жазды ол.

Қордың басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым "Қазақ тілі" қоғамының тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету.

Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметтен түскен табыс "Қазақ тілі" қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады.

Рауан Кенжеханұлы әлем елдерінде білім беру мен әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың тұрақты әрі ұзақ мерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін эндаумент қорын құру тәжірибесі кең таралғанын атап өтті.

Қазір Жапониядағы ғылым мен технология қоры, сонымен қатар, Стэнфорд, Гарвард университеттерінің қорлары дүниежүзіндегі ең ірі эндаумент қорларының қатарына кіреді. Қазақстанда да ірі университеттер, мектептер мен коммерциялық емес ұйымдардың эндаумент қорлары сәтті жұмыс істеп келеді.

Оның айтуынша, Qazaq tili Endowment қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайды.

Мемлекет басшысы "Қазақ тілі" қоғамына қазақ тіліндегі медиа және баспа контентін көбейту үшін нақты жобалар мен шаралар кешенін жүзеге асыру, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін жетілдіру, оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін дамыту, сонымен қатар, қазақ тілін қолдау мен тілді қолданатын қауымдастық аясын кеңейту мақсатында заманауи технологиялық шешімдерді кеңінен пайдалануды тапсырған.