Бұл туралы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының баспасөз қызметі хабарлады
Танымал актер, режиссер Есмұхан Обаев өмірден өтті. Қайғылы қаза туралы М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының баспасөз өызметі жеткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Қазақ театр өнері орны толмас үлкен қазаға ұшырады… Қазақ өнерінің үлкен тұлғасы, көрнекті режиссер, ұлағатты ұстаз, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры директорының кеңесшісі, Қазақ CCР-нің халық артисі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Барыс ІІ дәреже, «Барыс І дәреже», «Парасат» ордендерінің иегері, доцент, профессор, ардақты ағамыз Есмұхан Несіпбайұлы Обаев мәңгілік мекеніне аттанды…”, – делінген қаралы хабарламада.
Е.Обаев 1941 жылы Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын, Мәскеудегі Максим Горький атындағы академиялық театр курсын бітірген. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының, Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының қоюшы режиссері, Абай атындағы Семей облыстық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының ректоры болған. 1995-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, орынбасары, Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
Ол режиссер болып З.Ақышевтің «Жаяу Мұса», Тахауи Ахтановтың «Боран», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн», Ш.Құсайыновтың «Сертке серт», Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек», Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» және «Қашқар қызы», Бейімбет Майлиннің «Шұға», Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі бойынша, Роллан Сейсенбаевпен бірлесіп жазған «Өзімді іздеп жүрмін» мен Әкім Таразидің «Індет» спектакльдерін қойды. Семей музыкалық драма театрының бас режиссері болып, осы театр сахнасына бірқатар спектакльдер шығарды: Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек», «Абай», «Қарагөз», Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты», Евгений Брусиловский мен Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу», Сафуан Шаймерденовтің «Әнім сен едің», Е.Рахмадиев пен Ғабит Мүсіреповтің «Қайран, Майра», Дулат Исабековтің «Әпке» мен «Ертеңді күту», О.Бодықовтың «Қош бол, Бөрібасар», М.Сәрсекеевтің «Жарылыс», Қалтай Мұхамеджановтың «Комиссар Ғаббасов», Ж.Файзидің «Башмағым», Ф.Эрвенің «Түлкі бикеш» спектакльдері бар.
«Парасат» орденімен марапатталған. Ол Германияда, Индияда, Кореяда, Қытайда, Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда, т.б. елдерде өткен қазақ өнерінің мәдени күндеріне шығармашылық жетекшілік жасады.
Qaz365.kz ұжымы орны толмас қайғыға ортақтасып, марқұмның отбасына, тума-туыстарына көңіл айтады.