Бүгін Астанада өткен өңірлік экологиялық саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Ол елдегі жолбарыс пен қар барысы популяциясын қалпына келтіру бағытында атқарылған жұмыстар жайын баяндады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Президент еліміздегі қар барысының саны екі есе ұлғайғанын айтты. Сондай-ақ Тұран жолбарысының және Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
«Табанды еңбек нәтиже берді. Жойылу қаупі төнген ақбөкендер қайта көбейді. Қазақстандағы қар барысының саны екі есе ұлғайып, 190-ға жетті. Халықаралық серіктестермен бірлесіп, басқа да сирек кездесетін жан-жануарлардың, атап айтқанда, сұңқарлардың, Тұран жолбарысының және Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік. Орман алқаптарын ұлғайту Қазақстанның экологиялық күн тәртібіндегі басым міндеттерінің біріне айналды», — деді ол.
Президент соңғы бес жылда елімізде 1 миллион гектардан астам аумақта бір жарым миллиардтан аса ағаш отырғызылғанын атап өтті. Оның ішінде шөлейттенудің алдын алу мақсатында Арал теңізінің құрғаған табанында өзбек мамандарымен бірлесіп егілген сексеуіл де бар.
«Соңғы бес жылда бір миллион гектардан аса аумаққа 1,5 миллиардтан астам ағаш ектік. Соның ішінде шөлейттену үдерісін бәсеңдету мақсатында өзбек мамандарымен бірге Арал теңізінің табанына сексеуіл отырғыза бастадық», — деді президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан барлық серіктестерін Сирек кездесетін жан-жануарлар түрлері мен биоалуантүрлілікті сақтау халықаралық қорына мүше болуға шақыратынын атап өтті.
Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль президенті Ицхак Герцогты осы елдің Тәуелсіздік күнімен құттықтаған еді.